Қоғам

ҚР Жоғарғы сотында онлайн режимінде баспасөз мәслихаты өтті

 

Былтыр еліміз 3 буынды сот жүйесіне көшкен болатын. Осының арқасында халық соттағы бірнеше сатылық жүйеден арылды. Дегенмен қазіргі таңда бұл жобаның да кемшін тұстарын жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.

Бектас Бекназаров, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:
– Облыстық соттарға заңды күшіне енген сот актілерін 6 ай мерзімінде тексеру құқығын беруді дұрыс деп есептедік. Егер осы жағдай заң арқылы қабылданатын болса, мыңдаған адамдарға Жоғарғы сотқа шағымданудың қажеттілігі тумайды.

Бейнеконференцияның ерекшелігі сол –  әр өңірдегі БАҚ өкілдері елдегі сот жүйесіне байланысты сауалдарын тікелей Жоғарғы сот төрағасына жолдап, нақты жауап алды. Журналистерді сот жүйесіндегі жаңа реформалар мен кадр мәселесі қызықтырды.

– Сот Төрағалығына тағайындалар азаматтарға қойылар талап өсті ме?
– Кішіпейілділігімен, өмірлік бай тәжірибесімен өзгелерге үлгі болатын адам сот төрағасы болуы тиіс. Біз Жоғарғы сот басшылығы алдымен осы талаптарды орындауға ден қоямыз.

2009 жылдан бастап республикада әр судьяның сот төрелігін жүзеге асыру сапасының мониторингі жүргізіліп келеді. Биыл бұл мониторинг тізіміне 103 судья ілікті. Олардың өз істерін уақытылы және сапалы атқаруы қатаң қадағаланбақ. Бұл – елімізде тәуелсіз, тұғырлы сот жүйесін орнатудың тағы бір қадамы.

Инеш Шоқақова