Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Іскер әйел-2011”

 Отбасы ұйытқысы, үйдің көркі болумен қатар нәзік жандар заман талабына сай саясат пен бизнеске білек сыбана атсалысып келеді. Бүгінгі жәрмеңке-көрмеде кәсібін дөңгелетіп, облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген іскер әйелдер өз өнімдерін ұсынып отыр.  

 

 

 Фархад Қуанғанов,  СҚО әкімінің орынбасары:
– Көрмеге көптеген дүниелер қойылыпты.
Нағыз шеберлердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Қазір елімізде үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Тың ойлар мен ұтымды жобаларыңызбен бұл төңіректе де танылсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өнімдер облысқа ғана емес, республикамыз бен шалғай шет елдерде танылсын деп тілеймін.  

Шынымен де әйелдің қолынан бәрі келетініне  сөрелерге жайылған сан алуан тауарлар дәлел. Көрсететін қызметтері де әр қилы. Жәрмеңке-көрмеге келгендер әсемдік салондарының бар мүмкіндіктерін пайдаланып, тырнақ өсіру, шаш үлгісі мен бет бояудың қыр-сырымен танысты. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ химия пәнінің оқытушысы бар білімі мен күш-жігерін осымен 9 жыл косметика өндіруге жұмсап жүр.

Марианна Лежнева, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ химия пәнінің оқытушысы:
Мен өзіміздің аққайыңдардың қабығынан түрлі крем, бальзамдар жасаймын. Бүгінде біздің әйелдер батыстың косметикасына әуес. Жергілікті шикізаттан әзірленетін дәл сондай заттар шетелдік өнімнен еш кем емес. Бұны көптеген зерттеулер дәлелдеп отыр. Оның теріні жақсартумен қатар емдік қасиеті де бар.  

Жергілікті тігіншілер ұсынан киім-кешектер де сәнқой қыз-келіншектерді бейжай қалдырмағаны анық.  Көрмеге қойылған сақина, білезік, моншақ, алқа сынды әшекей бұйымдарды өңіріміздің  шебер әйелдері әзірлеген. Виктория Попова сүйікт ісі – моншақпен тоқуды кәсіпке айналдырып алыпты. Бүгінде ісі өрге домалап, сапалы шикізат Ресей, Қытай, Чехия елдерінен тапсырыспен арнайы жеткізіледі екен.

Виктория Попова, моншақпен тоқу  шебері:
Қыздың көзі қызылда ғой. Әр нәзік жандар әдемі болуға ұмтылады. Әшекей заттары оларға ерекше сән береді. Сондықтан мен осы сүйікті ісіммен айналысуға бел будым.  

Ләйлім Бердібекова  – қазақтын көне қолөнерін үзбей жалғастырып келе жатқан жандардың бірі. Заман талабына сай тоқып, тіккен киім-кешек, тұрмысқа қажетті бұйымдарды ұлттық нақышта ою салып өрнектейді.

Ләйлім Бердібекова,  “Бердібекова” ЖК директоры:
Бұндай жәрмеңкелер бізге мол мүмкіндік ашады. Өз өнімімізді үсынып әріптестік қарым-қатынас орнатамыз. Өзгелермен шеберлік алмасып, кәсібімізге жаңа дем береміз.

Көрмеге 46 солтүстікқазақстандық кәсіпкер өз өнімдерін қойыпты. Негізінен барлық заттар әйелдердің қажетіне арналған. Десе де әрбірінің өнімдері бірін-бірі қайталамайтын  өзіндік әдіс-тәсілмен әзірленген. Көрме қонақтары талғамына сай іздегенін таппай кетпегені сөзсіз.

 – Біздің әйелдердің қолынан бәрі келетініне көзім жетті.Суретшілер, шеберлер бір жерде
тоғысты. Шетінен өнер
лі жандар екен.
Шашымды жөндеп алдым, мынадай тамаша естелік сыйлық сатып алдым. Өте керемет жәрмеңке.
Мен құрметті демалысқа шықтым. Мен де бүгінгі көрмеден соң бос отырмай, іс тігіп кәсіп ашуға қанаттанып шықтым.

“Солтүстік Қазақстанның іскер әйелдері” жәрмеңке -көрмесінің көздегені алғыр да шығармашыл азаматшалардың тың ойларын, жаңашылдықтарын тұтынушыға кеңінен насихаттау.

Бақытжан Сәмиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
Бүгінгі көрменің негізгі мақсаты әйел азаматын алға бастыру, олардың қолынан жасалған нәрсесін рынокқа шығару, рынокқа шықса, ертең ол кісілер көтеріледі. Мұнда көтерілген әйелдер бар. Олардың енді республикаға шығамыз ба деген ойлары бар.  

Арнайы комиссияның таңдауы бойынша үздік деп танылған 5 кәсіпкер өнімдерін тамыз айында Астанада өтетін республикалық көрмеге шығарады.

Жеңіс Ермұқанов