Ауыл шаруашылығы

Австриядан асыл тұқымды сиырлар әкелінді



Австриядан жеткізілген симменталь тұқымды қара малға Вознесенка ауылының шетінде арнайы орын дайындалыпты. Қазіргі күні бұл жерде етті және сүтті бағыттағы жүз жиырма бас асыл тұқымды ірі қара күтіп – бағылуда. .

Қадырма Ашамаев, «СБИ-Агро» ЖШС іс басқарушысының орынбасары:
– Бірінші партия 60 бас мал әкелген.
Екі аптадан кейін тағы да 60 бас келді. 3 мезгіл азық береміз. Екі кісі бар азықтандыратын. Бұл малдар ұрықтандырылып әкелінген. Қазан айында әрбір бастан төл аламыз.

Шетелден жеткізілген мал ерекше жем-азықты қажет етеді дейді мамандар. Оның құнарлы болуы маңызды. Шаруашылықта ірі қара тез өсіп-жетілуі үшін дәрумендерге бай арнайы қосымша азық беріледі.

Қадырма Ашамаев, «СБИ-Агро» ЖШС іс басқарушысының орынбасары:
Күніне бір басқа алты келіден шөп беріп жатырмыз. Екі келіден пішендеме. Сонымен қатар микроқосымша  міндетті түрде беріледі. Арнайы шетелден әкелінеді.  

Руслан Рақышев, малшы:
Таңертең сағат жетіде шөп береміз. Тоғыз кезінде суарамыз. Он екіден кейін пішендеме беріледі. Сосын сағат жетіде тағы да шөп береміз. Кешке тағы азықтандырып, су береміз.

Облысқа Австриядан өнімділігі жоғары ірі қараның жеткізілуі алғаш рет. Бұл өңірімізде әзірленген мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. «СБИ-Агро» серіктестігінің басшылығы асыл тұқымды ірі қараны өз қаржысына сатып алған. Енді шаруашылықтағылар жыл аяғына дейін Германиядан тағы 400 бас мал жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жолы олар мемлекет көмегіне жүгінбек. Қазіргі күні шаруашылықта шетелден жеткізілген ірі қараны ұстайтын жаңа мал кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қыркүйек айынан қысқа дейін австриялық асыл тұқымды мал осы жерде күтіледі. Сондай-ақ бүгінде шаруашылықтағылар шөп дайындығына да кіріскен. Қыстап шығу үшін он бес мың тонна шөп әзірлеу қажет екен. Осы күні әзірге 300 тоннасы ғана жеткізілген.

Айымгүл Әбілева