Спорт

Веломарш Александр Винокуровқа арналды

 
Қазақстанға мол жеңіс әкелген Александр Винокуровты халықаралық деңгейде Wino деп атап кеткен. 1994 жылғы жазғы Азия ойындарының чемпионы, 2000  жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, 2004 жылы Афинада өткен әлем деңгейіндегі жеке жарыстың жеңімпазы – бұл жерлесіміз бағындырған биіктердің бір бөлігі ғана.
Сондықтан  Александрдың спорттан кетуі – солтүстікқазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Винокуровты қолдау үшін ұйымдастырылған марш мемлекеттік нышандарға арналған ескерткіштен басталды. 150-ден астам қатысушы қала көшелерімен жүріп өтті. Шеру спортшының кіндік қаны тамған жер – Бескөл ауылына дейін жалғасты. Бәйгенің мәресінде веломаршқа қатысқан спортшыларды аудан әкімі қарсы алды.

Виктор Редин, Қызылжар ауданының әкімі:

 

-Миллиондаған қазақстандықтар өз жерлесін мақтан тұтады. Александрдың велошабандоз ретіндегі қызметі өз даңқының шыңында аяқталғалы тұр.

Жерлесін қолдаған солтүстікқазақстандықтар Александрға митингке қатысушылардың тілектері мен қолдары қойылған постерді жіберді.

-Винокуровты қолдау үшін, тезірек жазылып аяққа тұрсын деген ниетпен Бөскөлде жиналдық.
Біз велосипед спортына әуес жандармыз. Александр Винокуровты, «Астана» командасының жанкүйерлеріміз. Александрды қолдап, есімі ұмытылмайтындығын көрсеткіміз келеді.
– Облысымызға істеген жақсылығына алғыс білдіргіміз келеді. Тезірек сауығып кетсе екен. Көмек көрсете алмасақ та, осындай қиын кезде қолдағанымыз жөн.

Бұл күні чемпионның үш баласы да назардан тыс қалмады. Бескөл кенті тұрғындарының атынан Виктор Редин әрбіріне сыйлық тарту етті. Солтүстікқазақстандықтардың баласына деген сүйіспеншілігін көрген Александр Винокуровтың анасы қуаныштан көз жасын жасыра алмады.

Раиса Винокурова, чемпионның анасы:
– Осындай қиын-қыстау кезеңде баламды қолдағандарыңызға рақмет. Ұлыма осынша құрмет көрсеткендеріңіз қуантады. Сіздерге деген алғысым шексіз.

2006 жылы Александр «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағына ие болды. Сондай-ақ 2-ші дәрежелі Барыс және Парасат ордендерімен марапатталды. Атақты спортшы алдағы уақытта велосипед спорты бойынша республикалық құраманың бапкері болуы мүмкін.

 Айдана Демесінова