Әр түрлі

Тәуелсіздік мерейтойына арналған ескерткіш тұрғызылуда

 

Монумент жобасын ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Самат Бөкебай мен сәулетші Ғұмар Нұрбаев жасапты. Тәуелсіздік стеласының ұшар басына самұрық құсы қонақтайды, ал төменде биік бағаналар орнатылмақ.

Марина Байсалбаева,  қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы:
– Монумент Қазақстан Конституциясы мен П.Васильев көшелерінің қиылысында орнатылып жатыр. Ол жердегі 3 гектар аумақты абаттандыру жұмысымен «Коммунхоз» кәсіпорны айналысады.

Монументті тұрғызу астаналық құрылысшыларға жүктелгенмен, бұл маңды қалыпқа келтіріп, көркейтуге жергілікті кәсіпорын қызу кірісіп кетті.

Максим Шачнев, “Коммунхоз” МКК шебері:
– Мына араға плитка, гүлзарлар орнатылып, жапырақты, қылқанды ағаштар отырғызылады. Әрине, міндетті түрде шам мен орындықтар қойылады.

Аумақтағы жұмыс мамыр айының соңында басталды. Бірақ бүгінге дейін стеланың 10 метрі ғана тұрғызылыпты. Қаланың ең көрікті жерлерінің бірінде орнатыла бастаған монумент жоспар бойынша тамыздың 1-і тапсырылуы тиіс.  Астаналықтар стеланы уақытында жасап бітіруге тырысамыз деп отыр.10 жұмысшыдан құралған топ аса тәжірибелі адамдардан жасақталыпты. Валерий Кривошеев дәнекерлеуші болып 30 жыл еңбектеніп келеді.

Валерий Кривошеев, “Sunkap” ЖШС жұмысшысы:
 – Қазір біз дәнекерлеу жұмысымен айналысып жатырмыз. Қаланың көркеюіне өзімнің үлес қосып жатқаныма қуаныштымын. Меніңше, мұндай әсем жерлерді көбірек салу керек.

Мерейтойлы жылы Петропавлда бірден бірнеше жаңа нысан пайда болады. Медведев көшесінде салынып жатқан аквапарк жанында жаңа сквер жабдықталады, Қарасай стадионына  қарама-қарсы бетте ядролық апаттар құрбандарына арналған ескерткіш орнатылады. Сондай-ақ Омбы және Мамлют бағыттарындағы кіре беріс  жолдарда белгілер қойылмақ.

Кәусар Аяпбергенқызы