Ауыл шаруашылығы

Аграрийлер тәжірибе алмасты

Астық шаруашылығындағы нөлдік технологияны  пайдалануға арналған семинар-кеңеске еліміздегі шаруалық басшылары, Қазақстан мен Ресейдің ғылыми институттарының өкілдері жиналыпты. Кеңеске қатысушыларға «Тұқым» серіктестігінің агрономдары өздерінің астық алқаптарын аралатты. Серіктестік 2000 жылы элиталы тұқым шаруашылығы мәртебесін алды. Ал 2003 жылдан бері толық «Сингента» компаниясы ұсынған өнімді пайдалануға кірісіпті.

Талғат Ақаев, «Тұқым» ЖШС бас директоры:

 

 -Препараттарды толыққанды пайдалану тапсырыс бойынша астық алуға мүмкіндік береді. Қанша шығын шығарсаң, сонша өнім аласың. Біз ақпан айында биыл гектарынан 40 центнерден өнім аламыз деп жоспарлағанбыз. Жауынның арқасында көбірек болатын түрі бар. Әрі төрт жылдан бері тәжірибелік алқаптарда жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан алдағы жылы өнімділік 50 центнерге дейін өсуі де ғажап емес.

Серіктестік үстіміздегі көктемде 21 450 гектар алқапқа бидай сеуіпті. Егіс жердің басым бөлігі үш компонентті «Селест топ» инсекто-фунгицидімен өңделген. Биыл өсімдіктің өсуін қалыпта ұстайтын «Моддус» алғаш рет пайдаланылыпты. Шілдеде бидай сабағы аласа, есесіне тамыры терең орналасқан. Масақтың байлануы да өзгеше.

Айтболат Байпақов, «Тұқым» ЖШС агрономы:

 – Көптен бері осы фирманың фунгицид, гербицид, инсектицидын пайдаланамыз.  Оған қосымша минералдық  тыңайтқыш тұқым сепкенге дейін шашамыз. Өткен жылы құрғақшылықта да 14 центнерден алдық.

Швециялық «Сингентаның» өнімі 90 мемлекетке тараған. Қазақстанда негізінен «Оптитех» технологиясы қолданылады. Білікті мамандар «Сенгентаның» тыңайтқыштары мен дәрілерін пайдаланған серіктестіктерге ақыл-кеңес беріп, шаруа басында болады. «Тұқым» серіктестігінде тәжірибе үшін майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдастар да егіліпті. Бұл жерде де сапалы өнімнің өсіп келе жатқанын көруге болады. Бүгінде облыстың бірқатар шаруашылықтары осы компанияның кешенді өңдеу технологиясына көшкен.

Қайыржан Тәжібаев, «Мәдина» ЖШС бас агрономы:

 -Жаңа келген препараттарды ылғи өздері әкеліп көрсетіп тұрады. Біз оны тексереміз, айтқандарымен келсе, препараттарды ауыстырып отырамыз. Препараттар сапалы, тура алады.

Жазы бірде құрғақ, бірде жауынды теріскейдің даласы үшін технолигияның да озығы керек. «Тұқым» серіктестігі маңдай алды маман еңбегінің, озық тәжірибенің, тиімді технологияның арқасында жылдан жылға жоғары өнім алып жүр. Әрине, тұқымның асылы да осы далаға себіліпті. Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ұсынған «Омбылық» тұқымның ең үздіктері осы серіктестікте тәжірибеден өткізілуде.

Павел Поползухин, Сібір ауыл шаруашығы ғылыми-зерттеу институтының кафедра меңгерушісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– «Тұқым» серіктестігі, «Сингента» фирмасы мен ғылымның байланысы үлкен нәтиже көрсетіп жатыр. Біз тұқымның жаңаларын осы серіктестікте тәжірибеден өткіземіз. «Сингента» өз тауарын тексереді. Міне, алқапта гектарына 40-50 центнерден бидай өсіп тұр. Далалы аймақта гектарына 5 тоннадан өнім алу аса жеңіл шаруа емес.

Бұдан кейінгі отырыста ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері мен ғалымдар мол өнім алудың қыр-сырын талқылады. 

Маргарита Нұрмадиева, «Сенгента Қазақстан» ЖШС  маркетинг басқармасының директоры:

-Біз өсімдікті қорғау мен сақтау үшін 40-тан аса препарат түрін ұсынамыз. Және барлығы кешенді түрде қолданылады. Біздің компания әлемдегі өз саласындағы үш үздіктің қатарына енеді. Бұған дейін біз тыңайтқыш пен дәрілер жеткізумен айналыссақ, енді шекілдеуік тұқымын сатуды да қолға алдық.

Бабын тапсаң, Жер- ананың берері мол. Табиғат сырына үңілген мамандар кең даланың төсінде  мол  өнім алудың жолын тапқандай.

Әсем Рахметова