Әр түрлі

Қоғамдық дәріс

 

 

Түрлі тақырыптарға арналған қоғамдық дәрістерді Қазақстанның азаматтық альянсы СҚО жастар одағымен бірлесе ұйымдастырыпты. Дәріс барысында Қарағанды қаласындағы экономикалық білім беру орталығының оқытушысы Евгений Нагочевский несие, ипотека және түрлі салымдарға байланысты жұртшылыққа кәсіби кеңес берді.

Евгений Нагочевский, экономикалық білім беру орталығының оқытушысы, Қарағанды қаласы:
– Бүгінгі кездесуді халыққа қарапайым экономикалық білім беру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Ақша, несие, банктердің қызметі жайлы толық түсініктеме береміз. Өзге де сауалдарға нақты жауап бермекпіз.

Ұйымдастырушылар еңбеккердің қандай табысқа қол жеткізгені маңызды емес, бастысы – ақшаны қаншалықты үнемдегені дейді. Ал халық өз қаражатын ақылмен жұмсауы үшін ең алдымен қаржылық сауатын ашуы тиіс.

Сергей Белов, үкіметтік емес ұйымдар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Әр адам өз саласында бірнеше жыл қызмет етіп жүрсе де, білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Дәрістер циклы сондай мүмкіндік туғызып отыр.
Сарапшылардың кеңесіне жүгіне отырып, тұрғындар өзекті мәселелер бойынша қажет мағлұмат ала алады.

Аталмыш дәрістерді әлеуметтік маңызы бар 10 тақырып бойынша өткізу жоспарланған. Алдағы уақытта әлеуметтік қорғау, электронды үкіметтің тиімділігі және жеке зейнетақы салымдарын басқару мәселері қамтылмақ. Тақырып алуандығы әр саланың мамандары үшін қызықты болмақ.

Балжан Сәдуақасова,  № 4 емхана лаборанты:
– Адамдар қорықпай өз қаражаттарын тиімді қолдану үшін сауатты болу керек.
Сондықтан мұндай дәрістер қажет деп ойлаймын.

Қоғамдық дәрістер тамыз айының 25-не дейін жалғасатын болады.

Инеш Шоқақова