Әр түрлі

Есіл бассейні кеңесінің отырысы

 

 

 

Бүгінде Есіл өзенінің жалпы ауданы 243, 37 мың шаршы км. Оның 690 шақырымы СҚО аумағынан өтеді. Жыл сайын өзеннен өндіріс орындары мен халық игілігіне 315 млн. текше метрден артық таза ауыз су алынады екен. Мамандардың айтуынша, тұтынушыға жеткенше судың 60 пайызы ысырап болады.

Нариман Қыпшақбаев, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығының директоры:
– Су ресурсы деген Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі Экономиканың қай саласын алмасаңыз сусыз дамып, өркендеу мүмкін емес.
Есілдің бойындағы су мәселесі күрделі жағдайда. Қазір Ертіс каналынан су алып жатырмыз Астанаға дейін. Бүгін жетіп жатқан шығар. Келешек онымен шектелмейді. Әрі ойлауымыз керек.

Тіршілік көзіне қатысты осы және өзге де мәселелердің күрмеуін шешу үшін облыс орталығында Есіл бассейні кеңесінің отырысы өтті. Кеңесті облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров ашты.

 Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің орынбасары:
-Бассейн кеңесі мәжілісін өткізу өңірде және республикада су ресурстарын ұтымды пайдалану және сақтау саласында үкімет қойған міндеттерді іске асыру үшін шешім табуға мүмкіндік береді.  

Есіл өзенінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау жөнінде 2006-2020 жылдарға арналған бағдарлама құрылған. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік қазынадан 209 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның 47 млрд. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі су көзінің сапасын арттыруға бағыталмақ.

Ырысбек Сүлейменов, «Есіл бассейні» кеңесінің төрағасы:
– Бұл сома коммуналдық шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығын сумен қамтуды жетілдіруге бағыталады. Әсіресе қуаңшылықта қолдан суару шараларын жетілдіру керек. Судан тапшылық көрмеудің жолдарына жұмсалады. Ең бастысы жоспарда судың көлемін сақтап қана қоймай сапасын арттыру көзделген.

4 жылда бағдарламаға бөлінген 70 млрд теңге игеріліпті. 14 млрд теңге облысымыздың үлесінде. Өйткені бүгінде өңірдегі су желілерінің 60 пайызы әбден тозған. Суағарлар мен кәріздік құбырлар да сыр берген. Оны қалпына келтіруге 615 млн теңге ойластырылыпты. Бағдарламада су тасқынының алдын алу да қаралған. Су қоймалары мен гидрожелілердің ескіргені сонша, сел бола қалса, жақын маңдағы елді мекендер судың астында қалуы ғажап емес.

 Бахтияр Қадырханов, СҚО ТЖД бастығы:
– Келесі жылы су тасқыны болса Ғ Мүсірепов ауданындағы су бөгетінің шыдамайтын түрі бар. Егер де бүгіннен жөндемесек Чистополье ауылы судың астында қалуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені де бағдарламаға еңгізулеріңді сұраймын.  

Комиссия мүшелері бұл ретте бір шешімге келетіндерін жеткізді. Табиғат сақшыларының сондай-ақ Есіл бойындағы тазалық шараларына да көңілдері толмайды.

Марат Қасенов, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Біз «Таза жағажай» сынды түрлі тазалық акцияларын ұйымдастырамыз. Қоқысты жинау бір де, одан құтылу енді бір мәселе. Егер де қалдықтарды жоятын арнайы орындар құрылса игі болар еді. Ал 2-ші жылу-электр орталығының мұнараларына күл ұстағыш құрылғылар орнатылды. Бұл шара қоршаған ортаның әсіресе ауа мен су көздерінің тазалығына оң әсер етпей қоймайды.

 Жеңіс Ермұқанов