Аптадағы маңызды жаңалықтар

Элеваторлар орақ науқанына дайын

 

 

«Петропавл-Астық» астық қабылдау комбинатының қоймаларына түсетін бар бидай міндетті түрде алдымен қабылдау зертханасының тексерісінен өтуі тиіс. Осы жерде тұқым ауруға шалдықты ма, ылғалдылығы, жазықтығы, кілегейлігі, сұрыптылығы қандай екені, бір сөзбен бүге-шүгейіне дейін толық зерттеледі.

 -Біз тыңғылықты дайындалдық. Бар зертханалық жабдықтар астық қабылдауға 100 пайыз әзір. Бірінші кезекте тұқымның дымқылдығын тексеретін құрылғы қалпына келтірілді. Бидайдың ылғалы көп болса кептіру керек. Өйтпегенде ұзақ сақталмай шіріп кетеді. Орақ науқанында бірнеше ауысымда тәулік бойы жұмыс жасаймыз.

Жалпы бұл элеватордың сыйымдылығы 78 мың 200 тонна. Биыл қоймалар бос,  бидай қабылдап сақтауға сақадай сай тұр. Соңғы 5 жылда тұқым сақтаудың құны өзгермепті. Биыл жанар-жағармайдың қымбаттауына сәйкес баға сәл көтеріледі деп күтілуде. Қыстың қамын жаз ойлайтын астық  қоймасының мамандары ерте бастан қамданып қойыпты. Барлық дайындық жұмыстары  тәмамдалды. Қабылдау комиссиясы да қауырт маусымға әзірлікті растады. Енді тек серіктестіктегі 90 қызметкерге орақ науқанын күту қалыпты.

Владимир Карпов,  “ХПК Петропавл-Астық” ЖШС бас инженері:
Нысан дайын. Дымқыл бидайды кептіретін агрегаттар жөндеуден өтті. Қоймаларда тұқым ұзақ мерзімге дейін сақталу үшін қолайлы температура реттелді. Жиналған егінді сапалы сақтау үшін бар жағдайларды жасап қойдық.  

Жалпы өңірімізде осындай арнайы 50  астық қабылдау орны бар екен. Бүгінге дейін мемлекеттік комиссияның тексерісінен өткен 21 элеватордың 17-сі сынақтан сүрінбепті. Өзгелері анықталған олқылықтардың орнын тамыз айына дейін толтыруы тиіс.

Марат Бекназаров, ҚР АШМ СҚО бойынша бидай инспекциясы бөлімінің бастығы:
Сондай-ақ бүгінде сағатына 5 090 тонна өндіретін 143 бидай кептіргіш құрылғы мен сағатына 15 мың тонна астықты тазалауға қауқарлы 243 машина бар. Олардың 85 пайызы жұмыстарын бүгін бастауға дайын. Өзгелері де жуық арада іске қосылады.

Биыл өңіріміздегі элеваторлардың сыйымдылығы 234 мың тоннаға артып 3 млн. 350 мың тоннаға жетті. Сондықтан агроқұрылым жетекшілері үшін  өнімін қайда сақтаймын деген мәселе туындамауы тиіс дейді мамандар. Бұл қоймалар биылғы егінді қабылдауға жеткілікті болмақ.

 Жеңіс Ермұқанов