Қылмыс

Бір жарым жылдан кейін ашылған қылмыс

 

 

 

2010 жылдың қаңтарында полицияға Мамлют қаласының тұрғыны арызданып, 2009 жылдың қыркүйек айында кетіп қалған баласын іздестіруге көмек сұраған. Ата-ана құқығынан айрылған әкесінің айтуынша, оның баласы бұрын да үйінен кетіп отыратын, бірақ кейін қайтып келетін.

Қазбек Шаяхметов, Мамлют аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

-Із-түзсіз жоғалып кеткен жасөспірімді анықтау мақсатымен іздестіру шаралары жүргізілді. Бірақ іздестіру шаралары еш нәтиже бермеді. 2011 жылдың маусым айында жоғалып кеткен жасөспірімнің осы Мамлют қаласының тұрғынымен бірлесіп арақ ішкендігі белгілі болды.

Жасөспірімді соңғы рет көрген адам анықталды. Ол бірден өз кінәсін мойындап келді. 22 жастағы ер адамның айтуынша, ол 2009 жылдың қараша айында ЖШС бірінде күзетші болып жұмыс істеген. Осы серіктестіктің аумағында бүгінгі күні ұрлық үшін сотталып, жазасын өтеп жатқан өзінің 51 жастағы туысымен арақ ішкен. Кейін оларға осы жасөспірім қосылған. Арақтары таусылғасын күдікті өзінің туысымен «ГАЗ- 52» жүк көлігін от алдырып, ішімдікке барып келмекші болған. Ал жас қонаққа күзетшінің үйшігіне ешкімді кіргізбей, оларды күтіп  отыру міндеттелген. Рульге отырған сезікті артқа шегініп, бірденені басып кеткенін сезген. Көліктен түскен олар дөңғалақ астында жатқан жасөспірімді көреді. Баланың көз жұмғанын көрген туыстар мүрдені ЖШС аумағының сыртына шығарып, көміп тастаған. Кейін сезіктінің айтуынша, олар бұл оқиға жайлы ұмытып, еске алмауға тырысқан.  

Қазбек Шаяхметов, Мамлют аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

-Тергеу амалдарын жүргізу барысында 22 жастағы жігіт жасөспірімнің мүрдесін жасырған жерді көрсетті. Бұл жерден адамның сүйектері табылып, сот- медициналық сараптамаға жіберілді.  

Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. 22 жастағы күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Ал ұрлық үшін жазасын өтеп жатқан оның туысын жауапқа тарту мәселесі тергеу барысында шешіледі.

Гүлмира Шоқтыбаева