Туризм

Айыртауда туризмді дамыту

 

 

 І Александр патшаның бұйрығымен 1823-24 жылдары қарағайдан қиып салдырған Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным үйінің  алғашқы нұсқасын  Уәлихановтар әулетіне өшіккен адамдар өртеп жіберген. Ал 1993 жылы іргетасы сақталған ғимараттардың орнына Шоқан салған суреттердің негізінде он бөлмелі қонақ үй, мешіт, медресе-мектеп, шаруашылық сарайы қайта бой көтерді. Айғаным әженің тұсында бұл жерде кішігірім қоныс емес, үлкен ауыл болған екен. Жақында тарихшылар дәлелдеген соң қоныста тағы жел диірмен тұрғызыла бастапты. Құрылысына ел қазынасынан 18 млн теңге бөлінген тарихи нысан биыл салынып бітпек. Ұлы әулеттен қалған қастерлі мұра – осы мекенді әлі де жаңарта түсу көзделіп отыр.

Уалихан Құлбаев,  Ш.Уалиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың директоры:
-Жоспарымызда үлкен бір туристік кластер жасаймыз. Этноауыл құрып, ата-бабамыздың дәстүрін көрсетіп, ас беру. Осының бәрін жасауға өз күшіміз жетеді.

Сырымбеттегі тағы бір әйгілі орын  – Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі де алыстан мен мұндалайды. Биіктігі 16 метрлік бұл нысан 1999 жылы салынды. Кесенеге кірер бетте ұзындығы 2 метрлік найзалар шаншылған. Негізінде шайқастарда батырлардың өздері ұстаған қару бұдан да үлкен болған деседі. Кесененің ішінде қос батырдың өздері, сыртында Қарасай батырдың  егiз ұлы жерленген екен. Күмбездiң айналасында басқа да жауынгерлердiң зираттары бар. Бұл ретте мемориалдық кешен директоры Самиддин Омартегі үлкен бір игі істің басын ашуды армандап жүрген көрінеді.

Самиддин Омартегі, Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешенінің директоры:
– Осы жерге еш елде жоқ батырлар музейін ашып, табылған экспонаттардың бәрін қойса үлкен іс болар еді.

Батыр бабалар кесенесі қонған Құлшынбай төбесінің бір өзі осы аймақтағы ішкі туризмді дамыта түсуге негіз болуға тұрарлық нысан. Айтқандай, табиғаттың ғажайып сұлулығы молынан төгілген «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында Имантау көлін бойлай 3 демалыс орны ашылған. Алғашқысы «Солнечный ВИП» базасы әлі қонақтарын қарсы алуға дайын емес. Әзірге 15 үйі бар, дәмхана салынып жатыр. Алдағы уақытта киіз үйлер тігіп, этноауыл салу және көл бетін мұзайдын түрінде жасақтап қысқы мезгілде база ашу сияқты керемет жоспарлары бар. Ал «Қарлығаш» балалар сауықтыру лагерінің есігі келушілер үшін 6 маусым бойы ашық. Мұндағы естен кетпес демалыстың 14 күні бір адам үшін 30 мың теңге.

Андрей Стагниев, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркі Арықбалық филиалының өкілі:
– «Көкшетау» паркі 53 гектар жерді алып жатыр. Оның аумағында 4 орман шаруашылығы бар. Имантау көлі мен «Казачий» аралы да осы парктің құрамында. Демалуға осы маңдағы халықтан басқа ресейліктер жиі келеді. Ал парк аумағында өз беттерімен демалуға болмайды, ол үшін 2 АЕК көлемінде айыппұл саламыз.

Ал Шалқар табиғи аймағының мақтанышы биіктігі шамамен 520 метрлік «Екі ағайынды» жартасы.  Аңызға сенсек, ертеректе осы маңдағы елге шапқан жауға қарсы тұрған ағайынды екі батыр шайқастардың бірінде садақтың оғынан жараланып мерт болады. Екі тас, аңызға сәйкес, солардың мүсіні. Ал төмендегі шалқар көл ағаларынан айырылып зар еңіреген қарындастың көз жасынан пайда болған деседі. Жартастың ұшар биігінен Айыртау даласының  көз тоймас бар әсемдігі алақандағыдай алдыңа тізіледі. Жап-жасыл тоғайлар, жағалай айдын көлдер, көк аспанмен тілдескен биік жартастар  сөзбен жеткізе алмас рахатқа бөлейді. Бүгінгі таңда бұл жер барлық саяхатшылар қызыға қарайтын тамаша туристік аймаққа айналып отыр. Дегенмен, бұл маңды жер-жерден келетін меймандарды тарта алатын тамаша туристік аймаққа айналдыру үшін әлі қыруар іс тындыру қажет. Ең басты мәселе – жол. Бір шетінен екіншісіне жету үшін бір күн кететін ұлан-асыр аймаққа жол төсеу жеке кәсіпкерлердің қолынан әсте келмейтін іс. Шалқар табиғи аймағында, сондай- ақ «Родники» мен «Тихая гавань» демалыс аймақтары орналасқан. Екеуі де шеттен келген меймандар үшін жайлы орын. «Родникидің» қонақжайлығын ақпараттық турға келген БАҚ өкілдері мен саяхатшылар оң бағалады.

Фархат Гарипов, СҚО туризм және спорт басқармасының бас маманы:
– Біз жылда ақпараттық тур өткіземіз. Мақсаты ішкі туризмді дамытып, халықты тарту.

Аталған сапарды облыстық туризм және спорт басқармасының тапсырысымен “Евразия ИН” туристік агенттігі ұйымдастырған болатын.

Кәусар Аяпбергенқызы