Құқық қорғау органдары

Прокуратура жартыжылдықты қорытындылады

  

 

 

Алғашқы жартыжылдықта өңір прокурорларының араласуымен жұмыс берушілер берешек болған 242 млн теңге жалақы өтелді. Еңбек ақысын уақытылы төлеуден қашқақтап жүрген шаруашылық субектілерінің 26 жетекшісі әкімшілік жауапқа тартылды. Маңдай терімен тапқан ақшалары ұзақ мерзім бойы қолдарына тимей жүрген «Биохим» зауытының 288 қызметкерінің де бұл мәселесі жақында шешіліпті.

Қанат Мусин, СҚО прокурорының орынбасары:
– Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 40 млн. теңге еңбекақы қарызы толығымен өтелді. Ол үшін «Биохим АҚ» мүлкі сатылды. Зейнетақы қорларына да қажетті сома аударылды.

Қызылжар ауданына қарасты Асанов орта мектебінде жоғары сынып оқушылары төменгі буын тәрбиешілеріне азғындық әрекетпен күш көрсеткендігі қоғамды дүр сілкіндірген болатын. БАҚ өкілдерін жәбірленушілер мен айыптылардың тағдыры алаңдатпай қоймады. Құқықтық органның ұсынысы бойынша бұндайға жол берген білім мекемесінің 18 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 7-уі қызметтерінен босатылды.

Қанат Мусин, СҚО прокурорының орынбасары:
– Мектеп директоры мен екі оқушының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жалпыға бірдей білім беру мекемесінің басшысы келеңсіздікке жол берген. Бүгінде оның ісі соттың қарауына жіберілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізілген 15 тексеріс шарасы барысында  2345 заң бұзушылық анықталыпт, соның салдарынан мемлекет қазынасына түспеген 10 млн теңге бюджетке қайтарылды.

Қанат Мусин, СҚО прокурорының орынбасары:
– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қозғалған 63 істің 18-і сотта қаралды. Пара берген және оны қалтаға басқан 7 айыпталушыны бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.

Баспасөз мәслихатында журналистерді жыл басынан орын алған бірнеше төтенше жағдайға қатысты тексеріс жұмыстарының нәтижесі де қызықтырды.Тілсіз жау құртқан «Страна товаров» сауда үйінің жарасы әлі тартылмай қойды. Әбден тозған канализациялық коллектордың істен шығуы 3-ші қалалық аурухананың жұмысын 10 күнге тоқтатқаны белгілі. Жаңа жылда ғана жаңартылған құбыр жарылып, бірнеше нысан судың астында қалған болатын.

Қонысбек Ыбраев, Петропавл қаласының прокуроры:
– Су желісіндегі жарылған құбыр бастапқыда тексеріс актісінсіз іске қосылған. Осыған орай құрылыс бөлімінің бастығы Болат Зайнулинге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тексеріс шараларының барысында оның 6,5 млн теңгенің атқарылмаған жұмысына да қол қойғандығы анықталып, тағы бір іс қозғалды.

Жалпы жыл басынан өңір прокурорлары 22 мыңға жуық заң бұзушылықты анықтапты. 23 мың жерлесіміздің конституциялық құқықтары қалпына келтірілді. 280 млн теңге мемлекеттік қазынаға қайтарылды.