Қылмыс

Мас болып жерлесінің басын жарған

  
Мағжан Жұмабаев ауданының ішкі істер бөліміне аудандық орталық ауруханадан Чистовское селосында ер адамның ауыр жарақатпен жатқандығы жайлы хабар түседі. Аудан орталығы Булаевтан 20 шақырым жердегі елді мекенге полицейлер мен дәрігерлер тез жеткен. Ашық бас жарақатын алған мас ер адам бірден ауруханаға жеткізілді. Ал тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларына кіріскен.

Әсет Уақышев, Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның ІІБ бастығының орынбасары:

-Жедел тергеу тобы жәбірленушіні оның ауылдасы ұрып-соққандығын анықтады. Іздестіру барысында күдікті адам өз үйінде ұсталды. Бұл ер адам да мас күйінде болған.  

Күдікті – осы ауылдың 54 жастағы тұрғыны. Еш жерде жұмыс істемейтін ер адам бұған дейін бұзақылық үшін сотталған екен. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушіге қонаққа келіп екеуі арақ ішкен. Ішімдік таусылғаннан кейін қонақ өз үйіне кетіпті. Алайда біраз уақыттан кейін қайтып келіп, жәбірленушіден ақша талап еткен. Ауылдасынан ақша ала алмай ашуланған ер адам кіре берісте жатқан балғаны алып, үй иесіне ұмтылған.

 Күдікті:

-Алғаш рет соққы жасағанда ол сол қалпы тұрғандай болды. Екінші реттен кейін ғана құлады. Осының куәгері болған қарт адам қорыққаннан маған ақша беріп, қуып жіберді.  

Мас ер адамға 1000 теңге берген қария жәбірленушінің танысының анасы екен. Ер адам баласы жоқта жалғыз қалған зейнеткерге көз қырын салып жүрген. Көршілерді көмекке шақырған да осы қарт адам.

Әсет Уақышев, Мағжан Жұмабаев атындағы аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

-Қазіргі кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.  

Айдана Демесінова