Билік

Кәсіпкерлерге мемлекеттік көмек

 

 «Экспортер- 2020» және «Өнімділік -2020» бағдарламалары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Айту керек, бұл бағдарламалар кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Оның аясында мемлекет отандық бизнес өкілдеріне зор көмек көрсетеді. Мәселен, «Экспортер -2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша кәсіпкерлерге сервистік қолдау жасалса, екінші бағыты бойынша экспорттаушы кәсіпорындар шығынының 50 пайызын мемлекет өтейді. Өткен жылы бұл мақсатқа 141 млн. теңге бағытталған. Ал «Өнімділік -2020» бағдарламасы аясында бүгінгі таңда екі қазақстандық кәсіпорын жобаларын жүзеге асыруға дайын. Олардың бірі – солтүстікқазақстандық «Мұнаймаш» АҚ.

Селекторлық отырыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы да талқыланды. Бүгінде кәсіпкерлерден несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 170 млрд теңгеден астам қаржыға 484 өтініш түскен. Айту керек, үстіміздегі жылы бағдарламаға төртінші бағыт енгізіліп отыр. Ол өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерге жәрдемдесуді, бизнесті жүргізуде сервистік көмек көрсетуді, шағын және орта бизнес үшін топ-менеджерлер дайындауды және шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынас орнатуды көздейді. Биыл 5000 адам курстан өткен. Жыл аяғына дейін тағы 15 мың кәсіпкер оқытылмақ.
  Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін облыс әкімі өткізген отырыста мемлекеттік бағдарламалардың өңірімізде орындалуы талқыланды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биыл облысқа республикалық бюджеттен 1 млрд 329 млн. теңге бөлінген. Мемлекет қолдауына үміт артқан кәсіпкерлердің 147 өтініші мақұлданапты.

Тотыrамал Құлжанова, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:
Осы күні банктердің қарауында жалпы сомасы 8 млрд. теңгеден асатын 29 жоба жатыр. Оның 21-і несиенің пайыздық ставкасын субсидиялауға, 2-і кепілдік алуға және 6 жоба экспорттаушы кәсіпорындарды субсидиялауға қатысты.  

Үкімет басшысының тапсырмасына сай тамыз айында бағдарламаларға қатысушы барлық тараптардың бас қосуымен арнайы кеңес өтіп, түйіткілді мәселелер талқыға түспек.

Айымгүл Әбілева