ТКШ

Кәріздерді жөндеуге венгриялық мамандар көмектеседі



 

Мамандар үш күн бойы ұзындығы 11 км асатын солтүстік кәріздік коллекторды тексерген. Олар Петропавлға жергілікті биліктің шақыруымен келіпті. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін коллектордың “осал” учаскелерін анықтау көзделіп отыр.  Апат болған ауданда “«AGRIAPIPE ASIA»”  ЖШС-нің инженерлері мен сүңгуірлері жұмыс істеген. Бұл қазақстандық-венгерлік компанияның құрылғанына бір жыл ғана. Бірақ осы уақытта аталмыш кәсіпорын сапалы жұмысымен көзге түсіп үлгеріпті. Кәріздік коллекторды тексеруге 2 топ жұмылдырылған. Үш адамнан құрылған бірінші топ 70 құдықты ашып телеинспекция мен бейнетүсірілім жүргізген. Сондай-ақ құдықтағы лай тұнбаның өлшемін жасапты. Ал екінші топ құдыққа түсіп, бұдан гөрі күрделілірек жұмыс – көмірқышқыл газының деңгейін өлшеген.

Иозеф Тот, «AGRIAPIPE ASIA» ЖШС өкілі:
Құбырдың үштен бір бөлігін тексердік. Мамандардың айтуынша, құбырдың 1,5-2 сантиметрге жуық бетоны кетіп жатыр. Тағы бір сантиметрін құралмен түсіруге болады. Бұл кейін апат болмау үшін бетонды қалпына келтіру керек деген сөз.  

Солтүстік коллектор – кәріздік жүйенің негізгі құбыры. Оған диаметрі әр түрлі тағы 6 құбыр жалғасқан. Жағдайды сараптау “Петропавл су” АҚ-ның қызметкерлеріне жөндеу жұмыстарының ауқымын айқындап алуға мүмкіндік бермек.

 Сергей Визеров,  “Петропавл су” АҚ бас инженері:
– Егер қазір біз әлі де іске жарамды учаскелерді анықтап алсақ, оларды жөндеуге бөлінген қаржыны тозығы жеткен құбырларды қалпына келтіруге жұмсайтын боламыз. Мәселен, Ғ.Мүсірепов көшесіндегі кәріздік жүйе. Бүгінде бір коллекторды қазып тастадық.

Еске сала кетейік, қаламыздың негізгі кәріздік коллекторында апат шілденің екісінде орын алған болатын. Құбыр бірден 4 учаскеде жарылып, 108 тұрғын үй мен үшінші қалалық аурухана сусыз қалған еді. Бүгінгі күні апаттың салдары жойылған.  

Айымгүл Әбілева