Құқық қорғау органдары

Жарты жыл іздеуде болған «Мерседес» табылды

 

 

 

 

Мемлекеттік нөмірі 934, сұр түсті «Мерседес-Бенс» автокөлігі үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері іздеуде жүрген. Шетел көлігінің жүргізушісі Абай және Мир көшелерінің қиылысында жол-көлік апатын жасап, оқиға орнынан ізін суытқан болатын.

Игорь Гвоздев, жапа шегуші:
-Ол қарама-қарсы бағытта келе жатқан еді. Бір кезде мұзда сырғанап, менің көлігіме келіп соғылды. Бірақ еш кідірместен, газға басып жүре берді. Бұл апаттың куәгерлері бар. Алайда, ешбірі уақытын өткізіп, басына пәле сатып алғысы келмейді.

Игорь Гвоздев көліктің маркасын, түсін және мемлекеттік нөмірін есінде сақтап қалған екен. Бірақ мұндай көлік жол полициясының ақпарат қорында тіркелмеген болып шықты. Сөйтіп, оның иесін анықтау мүмкін болмаған. Араға жарты жыл салып, іздеуде жүрген көлікке ұқсас автомашина Солнечный поселкесінде бой көрсеткен. Темір тұлпарда жасөспірімнің жүргендігін көрген жергілікті тұрғындар бірден жол полициясына хабарлапты.

Юрий Никонов, СҚО ІІД ЖПБ жеке батальоны командирінің орынбасары:

-Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, бұл көлікті ұстадық. Автомашинаның жалған нөмірлермен жүргендігі анықталды. Рульде жасөспірім отырды, оның жүргізуші куәлігі де жоқ. Осы себепті әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 461 және 470-баптары бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды.  

Қазіргі кезде автомашина айып тұрағына қойылған. Ұсталған жасөспірімнің айтуынша, темір тұлпар жарты жыл бойы гаражда тұрыпты. Бұл көліктің иесі – жеткіншектің осыдан екі ай бұрын көз жұмған әкесі болып шықты. Ал бозбала  автомобильге алғаш рет отырған екен. Қазіргі кезде бұл көліктің ақпан айында тіркелген жол-көлік оқиғасына қатысы тексерілуде. Сонымен қатар көліктегі жалған нөмірлердің қайдан пайда болғандығы анықталып жатыр.

Айдана Демесінова