Қоғам

Ақпараттық-үгіт тобы Киров атындағы зауытта кездесу өткізді

 

Үстіміздегі жылы қолға алынған ауқымды жобалар облыста мүмкіндігінше іске асып жатыр. Соның ішінде ақпараттық үгіт тобының мүшесі Сергей Худяков «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту» бағдарламасына кеңірек тоқталды.

Сергей Худяков, қалалық мәслихат депутаты:
-Бұл жоба екі бағытта жүзеге асады: ол коммуналдық саланы жаңарту және тұрғын үй қатынастарының тиімді моделін жасау. Қазірде біздің қаламыз үшін алғашқысы аса маңызды. Аталған бағдарлама аясында бірнеше жыл ішінде 31 мың шақырым желіні жөндеу жоспарланып отыр.  

Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жемісін Киров атындағы зауыт жұмысшылары көріп үлгерген. Оның аясында биыл кәсіпорын материалдық-техникалық базасын жақсартып алыпты.

Виталий Бескоровайный, «Киров атындағы зауыт» АҚ бас инженері:
-Біз өндірістің сапасын арттыру үшін 80 млн теңгеге 10 жаңа құрылғы сатып алдық. Олардың ішінде металды лазермен кесу жиынтығы, фрезерлік станоктар бар. Дені Германия, Түркия, Ресейдің өнімдері. Қазір «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып тағы да құрылғылар алуды жоспарлап отырмыз.

Республикалық маңыздағы жобалардан бөлек, жиында жекелей мәселелер де аталды. Мәселен, Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес елді мекендер 80%,  қалалар 100 %-ға таза ауыз сумен қамтылуы тиіс. Бұл ретте 250 шақырым су құбырын жөндеу көзделген болса, 1 шілдеге дейін оның 95 шақырымы қалпына келтіріліпті. Осы мақсатқа барлығы 3,7 млрд, облыстық қазынадан 278 млн теңге бөлінген.
Халықты осынау мол ақпараттан құлағдар ететін кездесулер бұл күні қаланың басқа кәсіпорындарында да өткізілді.

Кәусар Аяпбергенқызы