Балалар

«Жасыл ел» жасақтары іске кірісті

 

Куйбышев орман шаруашылығының аумағында жұмыс қызып тұр. Санаулы күн ішінде “Жасыл ел” сарбаздары бұл жердің 2 гектарын қоқыстан тазартып үлгеріпті. Сонымен қатар олар өрттің алдын алу үшін бұталарды кесуге де жұмыла кіріскен. Бұл орманшылардың жұмысын жеңілдете түсері анық.

Өлмес Нұртазин, “Қызылжар мемлекеттік орман мекемесі” ММ орманшысы:
– Жастар бізге жақсы көмектеседі. Орманды тазартып, бұталарды кесу жұмыстарын атқарады. Бәрі жұмысты тиянақты атқарады.

Алты жылдан бері республика көлемінде жемісті жұмыс атқарып келген “Жасыл ел” жасағының сарбаздары елді көгалдандыруда қыруар шаруа атқарған. Биыл да игі шара кең ауқымда жоспарланып отыр. Облыс орталығы мен аудандарда құрылған жасақтар өз жұмысын шілденің бірінен бастады.

 Арман Әлжанов, “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі:
– Биыл облыс бойынша “Жасыл ел ” жасағында 180 сарбаз еңбектенеді. Барлық аудандар қамтылған деп айта аламын.

Бұл аумақта қазіргі уақытта 23 студент еңбектенуде. Олар жазғы демалыстарын көңілді ғана өткізіп қоймай, отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуге ниетті. Биыл “Жасылелдіктердің” бір айлық жалақысы 32 мың теңгеге жетіпті.

– Мұнда таза ауада дем аламыз, жаңа достармен танысамыз. Екінші жағынан қосымша қаражат табуға болады.
-Маған ұнайды. Уақытты пайдалы өткіземіз.  

Ал жұмысына білек сыбана кіріскендердің еңбегі елеусіз қалмақ емес. Жыл сайын “Жасыл ел” жасағының белсенділеріне құрмет грамоталары мен құнды сыйлықтар табыс етіледі. Ерлан Махметов өткен маусымның қорытындысы бойынша жасақтың үздік сарбазы атанғандардың бірі.

Ерлан Махметов:
– Жасыл ел жасағында 3 жыл еңбек еьіп келе жатырмын. Былтыр облыс әкімінен «Жасыл елдің» үздік сарбазы ретінде ноутбук алған болатынмын.  Осы жылы да өзімді көрсетуге тырысамын.

Биыл да жұмыста белсенділік танытқан жастар лайық марапатқа ие болмақ.

Инеш Шоқақова