Денсаулық сақтау

Жаңа емханадағы өзгерістер

 

Раушан Құсайынованың медицина саласында қызмет еткеніне 26 жыл болыпты. Ол еңбек жолын ауылда акушер маман ретінде бастаған. Соңғы 5 жылда функционалды диагностика бөлмесінде науқастарды қабылдауда. Дәрігер жаңа емхана ашылғалы мүмкіндігіміз де кеңейе түсті дейді.

Раушан Құсайынова,  3-ші қалалық емхана мейірбикесі:
– Біз ескі емханада өкпені қарамайтынбыз.Қазір қараймыз.Ол жасөспірімдер мен жұмысқа орналасушылар үшін жақсы деп ойлаймын.

Емхана қажетті құралғылармен толықтай жабдықталған. Соның арқасында дәрігерлер күніне 500-ге жуық науқасты қабылдай алады. Дер кезінде кеңес беріп, арнайы емшаралар тағайындайды.

Берік Төлетаев:
– Дәрігерлер жақсы, көмектеседі. Маған ұнады.

Емханада рефлексті терапия, диодинамикалық тоқ арқылы емдеу де оң жолға қойылған. Сонымен қатар дені сау балалар бөлмесі де жұмыс істейді. Мұнда ата-аналардың бүлдіршінді дұрыс тамақтандыру жайлы біраз мағлұмат алуларына болады. Бір сөзбен айтқанда емханада сырқатты емдеуден гөрі аурудың алдын алуға баса назар аударылуда.

Сәбира Дайырова,  “3-ші қалалық емхана” ШЖҚ КМК бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары:
– Бұрын біздің қолымызда тек қалам мен дәрігер құралы болатын.
Сонымен бастадық. Сонымен диагноз қоятынбыз. Күннен-күнге медицина саласы өркендеп дамып келеді деп айта аламын.

Астана  медицина университетінің түлегі Саида Имамутдинова 1 тамыздан бастап жаңа емханада балалар хирургы болып қызмет етпек. Жас маман керек-жарақпен толықтай қамтамасыз етілген емханаға орналасу зор қуаныш дейді.

Саида Имамутдинова, жас маман:
– Емханаға келдім.Бәрі ұнады. Жас мамандарға көп көңіл бөліп жатыр. Бұл мен үшін өте қуанышты, 1 тамыздан жұмысқа кірісемін.

Жыл соңына дейін емханаға тағы да 7 маманды жұмысқа алу көзделуде.

 Инеш Шоқақова