Әр түрлі

Зейнетақы аннуитеті

Кездесу барысында Мемлекеттік аннуитеттік компания басқармасының төрағасы Нұржан Әлімұхамбетов зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіндегі халықаралық тәжірибемен бөлісті. Елдегі зейнетақы аннуитетін дамыту мәселесі де жан-жақты қарастырылды. Аннуитеттің бір ерекшелігі – азаматтар зейнетақы төлемдерін 55 жастан кейін алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл үшін зейнетақы жинағы жеткілікті болуы шарт.

Нұржан Әлімұхамбетов,  “Мемлекеттік аннуитеттік компания” АҚ басқармасының төрағасы:
– Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама 55 жастан асқан азаматтар үшін тиімді болмақ. Ол үшін ерлерде 2,5 млн теңге жинақ қор болса, әйел адамдарда 2,7 млн теңге көлемінде болу керек. Егер зейнетақы жинағы жеткіліксіз болса, тұрғындар өз қаражаттарын қоса алады.

2010 жылы Мемлекеттік аннуитеттік компанияның сыйақы жинауының өсу қарқыны 12,2 есеге артқан. Былтырғы жылдың өзінде 1,5 мыңнан астам азамат мемлекеттік аннуитеттік компаниямен келісімшарт жасаған. Дегенмен бұл жоба тұрғындар үшін әлі таңсық. Жиында қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандару мәселелері де кеңінен талқыланды. 2010 жылы жұмыс уақытында жарақат алған жағдайда қажетті төлемді жасауға байланысты Заңға өзгертулер енгізілді. Бұл жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырып, техника қауіпсіздігі ержелерінің қатаң сақталуына негіз болмақ. Сонымен қатар 2012 жылдан бастап жұмыс берушілер аннуитеттік компаниямен тікелей шарт жасау құқығына ие болмақ.

Инеш Шоқақова