Аптадағы маңызды жаңалықтар

Басты міндет – сапалы медициналық қызмет

Аудандық аурухананы шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға айналдыру жұмысы екі жыл бұрын қолға алынған. Осының арқасында аурухана басшылығы мамандардың еңбегін бағалаудың дифференциалды түріне көшті. Яғни, жалқы маманның біліктілігіне, жұмыстың көлеміне, сапасына, халықтың ілтипатына байланысты.

Татьяна Сидоркина, Тайынша аудандық аурухнасы бас дәрігерінің орынбасары:

 

 

-Материалдық жағынан қолдау барлық мамандарды қызықтырады. Біз дәрігерге табыс табудың осындай жолын ұсындық. Өз ісіне тиянақты адам жақсы жалақы алуы керек. Әрине, ай соңында оны арнайы құрылған комиссия шешеді. Ал марапаттауға қажетті қаржыны үнемдеу арқылы жинаймыз.

Халық көп ағылып, тұрғындардың алғысын алған дәрігердің жалақысы да жоғары. Аудандық ауруханада 51 дәрігер бар екен. Орташа жалақы 95 мың теңге шамасында. Ал күні-түні тынбай еңбек еткен 7-8 дәрігердің  жалақысы 200 мың теңгеден асып жығылады. Әрі шілденің бірінен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсіп отыр.

Баян Қайырбекова, Тайынша аудандық ауруханасының медбикесі:

-Биылғы шілде айында жалақы өсіп жатыр. Өте қуанарлық жағдай.

Ауруханаға жыл сайын жас мамандар келіп жатыр. Аудан басшылығы жас дәрігерлерге тұрғын үйді жаз басында сайлап қояды.

Юля Литвинова, Тайынша аудандық ауруханасының балалар дәрігері:

-Ауданға келісімен маған үй берді. Бұл жас маман үшін үлкен көмек. Осындағы тәжірибелі дәрігерлер білгендерін үйретіп жатыр.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы аурухана жалақыны өсірумен қатар емдеу мекемесін талаптарға сай ұстау жағын да назардан шығарған емес. Жылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Орталықтандырылған түрде жеткізілетін қондырғылардан басқа өз қаржыларына медициналық жабдықтар алуды оң жолға қойған. Жайлы аурухана, жанашыр дәрігерлер дертке шипа іздегендерге қуат береді.

Ажаргүл Мұхаметжанова, Тайынша ауданының тұрғыны:

– Дәрігерлер жақсы. Дәрі сатып алмаймыз. Аурухана да жақсы.

Мамандардың айтулары бойынша, ертерек дәрігер көмегіне жүгінетіндер мен тексеріске келетіндердің қатары артқан. Осының арқасында әр дерттің алдын алуға болады.

Әсем Рахметова