Білім

Қазақ тілін оқыту курсы

 

 

 

Гүлбаршын Тоқаева бұрын Ресей елінің азаматы болған. 2010 жылдың қараша айында атамекені Қазақстанға оралыпты. 29 жылдық еңбек өтілі бар экономист әзірге еңбек биржасында тіркеуде тұр. Мемлекеттік тілді үйрететін курстардың ашылғандығын естіген ол ана тілін меңгеруге бел буған.

Гүлбаршын Тоқаева:
– Мен өз Отаныма келгенімде қазақ тілін білмедім. Қазақ тілін үйренгеніме қуаныштымын. Ойлаймын жалғастырамын деп. Өз мұғаліміме көп рахмет айтамын.

Бүгін 7 топта  93 адам оқуын аяқтап, емтихан тапсыруда. Наурыздың 20-сынан қазақ тілін меңгере бастаған азаматтардың 4 айда білген-түйгені сарапқа салынады. Әрбірі 20 минуттың ішінде тест тапсырмаларын орындап, кейін ауызша бірнеше сұраққа жауап береді.

Гауһар Темірбаева,  «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» МҚК әдіскері:
– Біздің алғашқы 7 тобымыз шаштаразда және сауда орындарында жұмыс істейтін қызметкерлер болды. Негізгі мақсат- халықтың ауыз екі сөйлеуі. Біз мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік іске байланысты іс қағаздарын жүргізуге оқытсақ, бұл жерде кәдімгі адамдардың өзара қарым-қатынас, ауызекі сөйлеуге жеткізу болып табылады.

Мемлекеттік тілді ауызекі сөйлеу деңгейіне жету үшін мұғалімдер де, шәкірттер де көп еңбектенген көрінеді. Мемлекеттік тілді оқыту орталығының мұғалімдері бұған дейін қазақша сөйлемеген адамдардың тілін сындыру оңай болмағандығын айтады.

Ләззат Исатаева,  «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» МҚК оқытушысы:
– Мемлекеттік тілді оқыту орталығының 3 деңгейлік бағдарламасымен оқытылды. Біздің оқушылардың ықыласы тілге деген жаман болған жоқ. Сабаққа бәрі қатысып жүрді. Үйренемін деушілер көп болды. Қиындықтар да туындады. Өйткені бұл кісілер осындай курстарға 1-рет қатысып отыр.

Мемлекеттік тілді білетіндердің қатарын қалыңдату үшін қала әкімі 1 млн 400 мың теңге бөліпті. Осы жылы 200-ден астам адам мемлекеттік тілді оқыту орталығында білім ала алады. Келесі 9 топта оқитын азаматтар да жиналыпты. Алдағы уақытта фармацевтер, жолаушылар тасымалдау саласының  және қонақ үй қызметкерлері мемлекеттік тілді оқыту орталығының шәкірті атанбақ.

Айдана Демесінова