Өнеркәсіп

Облыс әкімі Серік Біләлов көппрофильді жабдықтар зауытында болды

 

Зауыт жабдықтың сан түрін жасайды. Өндіріс көлемін арттыру мақсатында өткен жылы мұнда темірді термоөңдеуден өткізетін жаңа цех жұмысын бастады. Металды балқытып, қажетті пішінді шығарып алып, шыңдайтын екі пеш үздіксіз жұмыс жасап тұр. Жыл өткен сайын кәсіпорынның қуаты да артып келеді. Аймақ басшысы зауыттың барлық цехтарын аралап, өндіріс барысын бақылады. Бұрғылау станогына қажетті көмекші құрылғыларды жасауды кәсіпорын жақында ғана қолға алды. Бес түрлі қосалқы бөлшектер шығарумен республикада осы зауыт қана айналысады. Кәсіпорын директоры Сергей Федосеев аймақ басшысына тапсырыстар жайлы айтып берді. Серіктестіктің өнімі кен орындарын зерттеп, құрылыс пен энергетика кешеніне қажетті қатты пайдалы қазбаларды табуға бағытталған. Зауыт өнімін пайдаланатындар да ұлттық компаниялар. 2007 жылмен салыстырғанда кәсіпорынның даму көрсеткіші 10 есеге артты. Айталық ол кезде зауыт жылына 83 млн теңгенің өнімін өндірсе, ағымдағы жылдың 6 айында ғана ол көрсеткіш 400 млн теңгеден асты.

Сергей Федосеев, “Көппрофильді жабдықтар зауыты” ЖШС директоры:

Кәсіпорын ағымдағы жылы 850 млн теңгеге келісім-шарт жасасты. Ірі ұлттық компаниялармен жұмыс жасаймыз. Құрылғыларды да жаңаладық. Бізде қазақстандық мазмұн 70 пайызды құрап отыр.

Қазіргі кезде көппрофильді жабдықтар зауытында 180 ге жуық адам жұмыс жасайды. Орташа еңбекақы 82 мың теңгені құрап отыр.

Дана Ғизатова