Қайырымдылық

Мүгедек кәсіпкерлерге көмек

 

 

Жаңыл Хайруллина үшін тігін машинасы құнды сыйлық. Өйткені жеке кәсіпкер 10 жыл бойы төсек-орын жабдықтарын тігумен айналысып, шағын кәсібін өрге домалатып келеді. Ол жаңа тігін машинасы жұмыс сапасын одан әрі арттырып, уақыт үнемдеу үшін зор мүмкіндік деп отыр.

Жаңыл Хайруллина, жеке кәсіпкер:
– Машиналарымыз ескі болатын. Қолдан алынғандар да бар. Мына машина бізге жақсы көмек болайын деп отыр. Өйткені жаңа, 8 операциясы бар.

Биыл облыс бойынша 8 кәсіпкер істеріне қолдау білдіруді сұрап, “Даму-Көмек” сайтында өтініштерін жариялапты. Қазіргі уақытта оның бесеуіне көмек көрсетіліп, істерін табысты жалғастыруға жағдай жасалған.

Ирина Суворова, “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры СҚО аймақтық филиалының директоры:
– “Даму-Көмек” бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асуда. “Даму” қоры көмекке мұқтаж кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға демеушілік көрсете алатын ұйымдарды іздейді. Біз қайырымды адамдардың көмегі арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеміз.

Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге тігін машиналарын тапсыру акциясы еліміздің барлық аймағында қолдау тапты. Бұл мақсатта «Казкоммерцбанк» қаражаты есебінен 1 млн. 73 мың теңгеге 33 тігін машинасы сатып алыныпты.

Ерлан Қожабергенов, “Казкоммерцбанк” АҚ Петропавл қалалық филиалының директоры:
– Біздің банкте 2004 жылы “Құс жолы” қоры құрылды.   Соның ішінде “Жұлдыздарға қара” бағдарламасының мәні мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаржылай көмек көрсету. Осы бағдарламаға олар өз өтініштерін бере алады.  

Былтырғы жылы «Казкоммерц банк» көмекке мұқтаж жандарға Петропавл қаласының өзінде 1 млн 600 мың теңге көлемінде көмек көрсетіпті.

Инеш Шоқақова