Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Фрегат» республикалық жәрмеңкеге дайындалуда

 

 

“Фрегат” ЖШС кәсібін 1998 жылы бастады. Алғашқыда серіктестікте мал соятын және ет бұзатын цех ашылды. Жыл өткен сайын кәсіпорынның мүмкіндіктері кеңейіп, бірнеше даму сатысынан өтті. Араға үш жыл салып, шұжық өндіретін цех іске қосылған. Бүгінде кәсіпорынның қуаты тәулігіне 5 мың тонна ет өнімдерін шығаруға жетеді.

-Мен мұнда 10 жыл бұрын жұмысқа тұрдым. Бүгінмен салыстыруға келмейді, әрине. Бізге келіп түскен ет бірнеше мәрте өңдеуден өтеді. Барлық халықаралық талаптарға сай өнім шығарамыз. Сұраныс көп, кейде тіпті үлгермей де жатамыз.  

Шикізат негізінен өңір аудандарынан жеткізіледі екен. Бір ауысымда цехта 25 ірі қара мал мен 50-ге тарта шошқа мүшеленіп, бірден дайын өнім шығарылады. Жартылай фабрикаттар өндірісі де жақсы жолға қойылыпты. Өнімнің 80-ге тарта түрін өндіретін серіктестік құрылғыларды жаңалап отырады. Жыл сайын кәсіпорын 500 мың еуроның заманауи техникасын сатып алады. Жаңа шетелдік құрылғылардың өнімділігі әлдеқайда артық, уақытты да үнемдейді. Кәсіпорынның іргесі қаланғаннан бері еңбек етіп жүрген Жабай Әлкин еңбек өнімділігінің артқанына көз жеткізгендердің бірі.

Жабай Әлкин, “Фрегат” ЖШС қызметкері:
-Көптеген жаңа техника келді. Бұрын шұжықты пісіру үшін 3,5 сағат кететін. Қазір мына агрегатпен 2 сағатқа жетпей дайын өнім шығады. Бәрі автоматтандырылған, өте тиімді.  

Ал бәсекеге қабілетті сапалы өнім – кәсіпті дамытудың басты шарты екені айқын. Нарыққа шыққанына он жылдан асқан кәсіпорынның өнімін бүгінде еліміздің бірқатар қалаларынан көруге болады. Серіктестік өнімдері республикада, одан қала берді халықаралық дәрежеде жоғары бағаға ие болды. “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауына ұсынылған өнімдері 2 алтын мен 4 күміс жүлдеге ілігіп, “Алтын сапа кітабына” кіріпті. Кәсіпорын басшылығы шілденің 30-ында Астана қаласында ұйымдастырылатын ” Қараөткел” жәрмеңке-көрмесіне де үлкен үміт артып отыр.

 Асқар Қапезов, “Фрегат” ЖШС директоры:
– Тауар өндірушілермен, дистибютерлермен және тауар сататын операторлармен қарым-қатынас орнамай, бір-біріне көмектеспей, табыс болады деп айту қиын. Бұл біз үшін өзекті мәселелердің бірі. «Қараөткен» жәрмеңкесіне бара жатқан себебіміз өзімізді көрсетіп , жәрмеңкеге өндіріс машиналарын жасайтын кәсіпкерлер келеді, олармен әріптестік қатынас орнатып мәселелерімізді шешуге көмектеседі.  

Заман ағымынан қалыспай келе жатқан кәсіпорын алдағы уақытта көршілес елдердің нарығына шығуды көздеп отыр.

Жеңіс Ермұқанов