Құқық қорғау органдары

Тағы бір алаяқ сенгіш тұрғындарды алдап соқты

 

 

 

Зейнеткер Вера Алексеевна пәтерінің терезелерін ауыстыруды көптен жоспарлап жүрген екен. Бірде теледидардан сол туралы хабарландыру көріп қалған ол ойланбастан телефон шалған.  

Вера Алферова:
-Қарызға ақша алып, бастапқы төлемді жасауға бардым. Фирмаға барғанымда қонақжайлық танытып, келісім шарт жасадық, тиісті құжаттар дайын болғаннан кейін 43 мың теңге аванс төледім. Жұмысшылары келіп терезелерімнің өлшемін алып кетті. Мен түбіртек берген соң аванс апарып бердім. Ал 15 шілдеде тапсырыс орындалады деп уәде берді.

Уәделескен адамын да, армандаған терезесін де зейнеткер көре алған жоқ. Ал Алена Юркевич болса, алаяқтың құрығына газетке берілген хабарландыруу арқылы түсіпті.

Алена Юркевич:
-Телефон соққанда жас жігіт бізде акция жүріп жатыр, Алматыдан келіп терезе жасап жатырмыз деп жауап берді. Неліктен арзан дегенімде клиенттерді көбейту үшін құнын 50 пайызға төмендеттік деді.

Арзан бағамен терезе орнатып береміз деп хабарландыру берген фирма М. Жұмабаев көшесінде пәтер жалдаған. Бір қарағанда, бәрі де шындыққа сай. 4 жұмысшы келісім-шарт бойынша тапсырыстар қабылдап, клиенттерден ақша жинап отырған. Ал қызметтің жарты құны төленген соң тапсырыс берушілердің үйлеріне терезе өлшеушілер жіберілген.

Марат Сағындықов, Петропавл қалалық ІІБ бөлім бастығының орынбасары:
-Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары өткізілуде. Барлық фактілер бойынша арнайы жедел тергеу тобын құрып, жан-жақты іздестіру шараларын да бастадық.  

Фирма жұмысшыларының өздері де алаяқтың алдауына түскен екен. Оларды қызметке тартқан ер адам өзін алматылық «Эко пласт» фирмасының қызметкерімін деп таныстырып, ақырында бір тиын да төлемей кеткен. Жәбірленушілер оны суреті бойынша танып отыр. Ал алданған халықтан қалалық ІІБ-ге бүгінге дейін 40-қа жуық арыз түскен. Олардың басым бөлігі зейнеткерлерден. Қылмыскердің келтірген шығыны қазірдің өзінде 1,5 миллион теңгеге жетіп қалған екен.

Кәусар Аяпбергенқызы