Билік

Экономиканы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру барысы

 

 

Өткен жылы елімізде индустрияландыру картасы бойынша 152 озық жобаның таспасы қиылды. 23 мыңнан аса жұмыс орындарының ашылғандығы хабарланды. Осы уақытқа дейін жаңа өндіріс орындары 88 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Бірақ  өндірістің барлығы бірдей қызу жұмысқа кірісе қоймаған. 52 жоба ғана жоспардағы қуаттылықтың 70- тен 100 пайызына дейін жетіп отыр. 62 өнеркәсіптің қуаттылығы 15- 70 пайыз арасында. 17 жоба ашылса да, бір тиынның өнімін өндіре алмапты. Үкімет басшысы облыс әкімдерінен екі апта ішінде кәсіпорындарды толыққанды іске қосу амалдарын тізген жоспар талап етті. Әрі үш айдың ішінде әр кәсіпорын тауарын шығарып, тапсырысты орындап жатуы керек. Облыста өткен жылы он жоба іске қосылған. Екеуі толық куатта өнім өндіруге кіріскен. Тағы екеуі жоспарға сай болмаса да жұмысын ілгерілетуде. Ал алтаудың жыры ұзағырақ болатын түрі бар. Бірі қондырғысын қоспаған, енді біріне тапсырыс жоқ. Құрғақкөбікбетон қоспалар зауытына мемелкеттің қолдауы жасалып жатыр. Бірақ кәсіпорын өнім өндіріп жарытпай-ақ қойды.  Облыс әкімі әр жоба бойынша талап күшейтілетінін айтты. Сондай -ақ индустрияландыру картасына енгізілетін жобалардың болашағының баяндығына көз жеткізу тапсырылды.

Әсем Рахметова