Энергетика

Жылу құбырлары жаңартылады


 

Энергетиктермен кездесуге көпқабатты үйлердің тұрғындары үлкен ынтамен жиылды. Олар қайта жаңғырту бағдарламасының қандай жаңалықтар әкелетінін білуге асықты. «Петропавл Жылу желілері» ЖШС директоры Андрей Калиничевтің айтуынша, бұл жерде №8 магистральды қалпына келтіру жұмыстары шілденің 18-нен басталмақ.

Андрей Калиничев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
– Бұл құбыр жер астында болатын, жарамсыз болып қалғасын, көтеруге тура келді.
Жөндеу жұмыстары еуропалық технологиялар бойынша жүргізілмек. Біз жабық құбыр орнатамыз.

Қажетті қаражат бөлінді. Жақында 721 млн теңге сомасындағы бірінші трансферт жетіпті.

Андрей Калиничев,  «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
– Бұл жоба Еуразиялық қайта құру және даму банкінің таза технологиялар қорын қайта қалпына келтіру және дамыту несиесі бойынша жүзеге асырылмақ.
Бұл кең көлемдегі тұңғыш жоба. Қазіргі таңда құбыр мен құмға келісімшарт жасалды. Мердігер ұйыммен де келісімшарт бар.

Жылу жүйелері қызметкерлері тұрғындарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарда қауіпсіздік ережелерін ұстану қажеттігін ескертті.

Андрей Калиничев,  «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
Балаларды қауіпті жерлерге жібермеу керек. Біздің басты мақсатымыз  – еш кедергісіз жөндеу жұмыстарын аяқтау.  

Энергетиктер резервтік жылумен қамтамасыз етуді қарастырған. Алайда жөндеу жұмыстары кезінде көпқабатты 20 үйдің тұрғындары ыстық сусыз қалуы мүмкін. Қыстан қысылмай шығу үшін тұрғындар мұндай жайсыздыққа көнуге әзір. Жиында тұрғындарды жылу энергиясын тұтыну тарифтерінің өзгерісі де қызықтырды. Тарифтегі айырмашылықтар бойынша облыс орталығы тұрғындарының қолына қайта есептелген түбіртектер тиді. Галина Васильева сол қарыздан құтылуға асыққандардың бірі.
 

Галина Васильева:

-Егер сот шешім қабылдаса, ол дұрыс деген сөз. Мен үнемі уақытында төлеймін. Ешқашан қарыз болған емеспін.

Ал кей тұрғындар әлі де борышын өтеуге асығар емес. Олардың  жылумен қамтамасыз етуші мекеме қызметкерлеріне бірқатар сауалдар ы бар.

Галина Киселёва:

Мамыр жылыту маусымына енбейді. Ал бізге оның шотын әкелді. Жөнді еш нәрсе түсіндірмеді.

Дебиторлық қарызды өтеу нәтижесінде жылу трассаларын жөндеуге қажетті сома жиналмақ. Сонымен қатар Еуразиялық банктен алынған несиені 5 жылда өтеу қажет. Энергетиктер 2 млрд 405 млн теңгеге 16 шақырым жылу жүйесін жөндеуді жоспарлап отыр.


Инеш Шоқақова