Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Ақбидай-2011”

 

Уәлиханов ауданында соңғы рет облыс деңгейіндегі спорт додасы 1989 жылы өткізіліпті. Биылғы өңірлік «Ақ бидай» ойындарында 1500-ге тарта сайыскер спорттың 16 түрінен бақтары мен баптарын сынап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар мықтыны анықтайды.
Міне араға 23 жыл салып барлық аудандардың бетке ұстар спортшылары сап түзеп Уалиханов ауданының орталық спорт кешенінде тоғысты. Салауатты өмір салтын насихатайтын жазғы ауылдық спартакиаданы  ашу салтанатына қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов сайыскерлерге сәттілік пен таза жеңіс тіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Сіздерді “Ақ бидай” спорт мерекесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте «Ақ бидай» ойындарының алатын орны ерекше. Құрметті жарысқа қатысушылар, сіздерге спорт алаңында жеңіс, сәттілік тілеймін.

Қадірменді меймандар мен жарыстың бас қағармандарын қарсы алған уәлихановтықтар шежіресі бай ауданның тарихынан сыр шертетін  театрландырылған қойылым ұсынды. Мерекелік шараның сәнін келтірген 800-ге тарта өнерпаз қазақ халқының ұлы ағартушысы, этногроф Ш. Уәлиханов өмір сүрген кезеңге шегініс жасады. Атам қазақтың салты мен ұлттық ойындары, ат құлағында ойнайтын жігіттер дәстүрін жалғастырушы ұрпақтың өнері жиналғандарды бей-жай қалдырмағаны анық. Мерекелік бағдарламада ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер де қамтылыпты. Ел ертеңі жүздері бал-бұл жанып, көздерінде от ойнаған балдырғандар да атаулы шарадан шет қалмай мерекелік шеруге қатысты. Кейін стадионды достық алауы шарлап, спартакиада алауы жағылды. Салтанатты жиын өнер ұжымдарының мерекелік концерті мен би кешіне ұласты. «Ақ бидайға» орай жаңартылған стадионға Уалиханов ауданының тумасы, еркін күрестен еліміздің 7 дүркін чемпионы, Кеңес Одағынның біріншілігінде екі мәрте жеңіске жеткен Ахмеджан Қазымбетовтың аты берілген. Кезінде жұлдыздай жанған жерлесінің ізін басқан палуандар боз кілемде туған аудандарының намысын қорғайтын болады. 7 жыл бойы өңірлік белдесулерде жауырыны жер иіскемеген 16 жасар Алтынбек Әусахитов 66 келі салмақ дәрежесінде иық тіресуге сайланып келіпті.

Алтынбек Әусағитов, палуан, Уәлиханов ауданы:
сы жарысқа облыстың ең мықтылары жиналды. Мен облыс чемпионымын. Жеңуге тырысамын. Өз ауданымның намысын қолдан бермеймін.

Спорт саласында биік белестерді бағындырған  ауыл жастары аз емес. Денсаулығына немқұрайлық танытпайтын уәлихановтықтар үшін «Ақ бидай» тартыстарынан кейін қалатын спорт кешендері мен жабдықтары денелерін шымыр ұстауға құштарлықтарын арттыратыны сөзсіз.

Гүлмира Қойбағарова, Уәлиханов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бастығы:
– «Ақ бидай» спартакиадасы ауыл жастарының арасындағы Уәлиханов ауданында өткізіліп жатқаны қуанышты.
Өйткені ұлттың саулығы, өсіп келе жатқан ұрпақтың саулығы барлығымызға қажет. Сондықтан бүгінгі күні Ахмеджан Қазымбетов атындағы стадионда әжептәуір жұмыстар жүргізілді.  

Аудан үшін елеулі спорттық шараға жасы мен кәрісі бірдей жиналып келіпті.

 -Уәлиханов ауданындағы осы стадионда жастар, үлкендер де спортпен шұғылданып жатады. Сондықтан Елбасының биылғы жолдауында  айтылғандай, бар спорт саласын әрі қарай жалғастырып, көтере беру керек.
– Мен бұрын спортпен айналысқан жоқпын. Міне қазір осындай әдемі стадион салып берді. Енді мен футбол, баскетбол үйірмелеріне қатысатын боламын, барлық сайыскерлерге сәттілік тілеймін.  

Есіл ауданының құрамы өткен жылғы дәл осы жарыстың жалпы есебінде жеңімпаз атаныпты. «Ақ бидай-2010» чемпиондары биыл да бас жүлдеден дәмелі.

 Азамат Шоткин, футболшы, Есіл ауданы:
– Былтырғы жылы біз Есіл ауданы чемпион болып атанғанбыз. Осы «Ақ бидайға» жақсы-жақсы спортшыларымыз келді. Футбол, баскетболдан чемпион болуға келдік.

Кімнің ептілігі асып, мысы басатынын 4 күндік тартыстардың қорытындысы көрсетеді. Жалпы биыл сайыскерлер велоспорт, баскетбол, футбол, волейбол, ауыр және жеңіл атлетика, үстел ойындары және нысананы көздеп атудан өз ара мықтыны анықтайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов