Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық тексерілуде

 

Өткен қыс жылу қазандықтары істен шыққан Семей мен Приозерск қалалары үшін күрделі болды. Бүгінде   республикада жылу жүйелерінің 70 пайызы тозған. Қалалық жылу-электр орталықтары да жөндеуді қажет етеді. Сондықтан алдағы маусымға үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Петропавлда жөндеу науқаны жаз басынан бері қызу жүріп жатыр. Қалпына келтіріліп жатқан 9-жылу магистралінде 2 шақырымдай жүйе ауыстырылуда. Комиссия мүшелері жұмыс басында болып қайтты. Мұндағы ескі құбырлар заманауи, пенополиуретан қаптамасы бар сапалысына алмастырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, жаңа магистраль үйлердегі жылумен қамтуды жақсартады. «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС құбырларын жергілікті құрылыс материалдары зауыты жасаған болатын. Жалпы жылыту жүйелерін жаңартуға аталған кәсіпорын  450 млн теңге жұмсауды көздеп отыр. Биылғы жылы 12 шақырымдай жүйені ауыстыру жоспарда бар.
Жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жылу жолдарын ғана жанап өтпейді. Бір қосалқы трансформатор станциясына СҚО электр таратушы   компаниясы 4 млн теңге жұмсапты. Ал олардың саны Петропалда 370, жаңартылғаны әлі екеу-ақ.
Комиссия мүшелері жылу-электр орталығының турбина цехында да болды. Мұнда жоспардағы жұмыстың 70 % аяқталды. Қазірде 4 -ші турбоагрегат бөлшектеніп, 6-шы қазандық жаңартылуда. ЖЭО-да барлығы 11 қазандық болса, қыс мезгілінде оның оны жұмыс істейді, біреуі қорда тұрады. Кесте бойынша уақытымен жүріп жатқан жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Барлық нысандарды аралап шыққан комиссия мүшелері де бұған оң бағаларын берді.

Олег Перфилов, “СевКазЭнерго” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
-Бүгінде Петропавл электр жүйелерінің 39% дайын. Ал жылу жүйелері бойынша жылдық жоспардың 42%-ын, апталық күнтізбелік жоспардың 100% орындадық. Жылу-электр орталығында да бәрі кесте бойынша жүріп жатыр, жұмыстың 50-55%  біткен. Сондықтан қазанның 1-не дейін олардың бәрі сақадай сай болады деген сенімдеміз.

Алғашқы күні қаладағы нысандарды аралап шыққан республикалық жұмыс тобының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысында атқарылған іске оң бағасын берді.

Дәулет Бапы, ҚР ТЖМ Мемлекеттік бақылау және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
– Біз мұндағы жұмыс қарқынымен жаңа таныса бастадық. Әзірге байқағанымыз, Петропавл еш облыстан артта қалмай, тіпті кейбірінен алда жүр. Тарифтары да қалыпты.

Республикалық топ облыс орталығында бірнеше күн болады. Аудандарға шығу да жоспарда бар.

Кәусар Аяпбергенқызы