Спорт

Жерлестеріміз ел чемпионатынан жүлделі оралды

 

Байрақты додада барлығы 200-ге тарта гимнастшы жекелей және командалық сында ептілігі мен мықтылығын дәлелдеуге тырысқан. Оның 15-сі СҚО намысын арқалап барғандар. Жалпы спортшылар көркем гимнастиканың көпсайыс сынында музыканың сүйемелдеуімен түрлі-түсті таспа, доп, шеңбер көмегімен 4 бірдей бағдарламада аса иілгіш қасиеттерін барынша танытуға тырысып бақты. Бұл кезеңде жерлесіміз Виктория Переверзева үздік үштікті қорытындылады. Кейін табысын еселеген Викторияның топтық бағдарламасы да үйлесімді шығып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұл сында жерлесіміз күміс алқаны иемденді.  Жас шебер олқылықтарын түзеп, келесі жолы тек жеңіс үшін белді бекем буып баратындығын айтады.

Виктория Переверзева,  жарыс жүлдегері:
– Мен ел ішінде өтетін барлық жарыстарға қатысамын. Бұл жолы алматылық және астаналық қарсыластарымның ептілігі асып, мысы басты. Сәл дайындық жетіспеді. Есемді қайтару үшін шеберлігімді шыңдайтын боламын. Сөзімді енді іспен нақтылау үшін бүгіннен қалмай тынымсыз жаттығуға кірісемін.

Ел біріншілігінің жүлдегері 13 жасында спорт шеберіне үміткер талабын мүлтіксіз орындап, Ұлттық құраманың сапында халықаралық додаларда бағы мен бабын сынап жүр. Талпынысы да бекер емес. Тәрбиеленушінің жеңісі  – бапкер еңбегінің жемісі.

Мария Небывайлова, бапкер:
– Виктория өте дарынды, еңбекқор қыз. 8 жыл бойы менің қоластымда жаттығып жүр. Діттегеніне міндетті түрде жетпей қоймайды. Жуырда Будапеште өткен халықаралық турнирде жекелей сында үздік атанып, алтыннан алқа асынып қайтты. Биылдан біз спорт шебері талаптары бағдарламасын орындауға кірісеміз. Көп кешікпей бұл мақсатымыз орындалатынына сенімдімін.

Алдағы қазан айында өтетін ел чемпионатында Викторияға есесін қайтарудың енді бір мүмкіндігі туады.

Жеңіс Ермұқанов