ТЖ

Петропавлда тағы бір жағажай жабдықталады

 

 

 

Биылғы жаз солтүстікқазақстандықтарды аптаптарымен әлі қуантып үлгерген жоқ, ал өкінішті оқиғалар саны өсіп барады. Маусым айының өзінде 9 адам су құрбанына айналды. Бәріне қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермейтін тұрғындардың өздері кінәлі. Бірі шомылуға арналмаған жерде мас күйде түссе, бірі суық күндері өз шамасына қарамай тереңге малтып кететін көрінеді.

Бахтияр Қадырханов, СҚО бойынша ТЖД бастығы:
– Біздің құтқарушыларымыз белгіленген жағажайларда ғана кезекшілік атқарады. Ал шомылуға мүлде жарамсыз жерлерде суға түсетіндер аз емес. Оның үстіне табиғатқа қыдыруға барған кезде ересектер балаларға бас-көз болуды ұмытып кетеді.

Суда мерт болғандар санын көбейтетін тағы бір топ – балықшылар. Суда жүзе алғанымен оқыс жағдайда олар да қауқарсыз болып қалады дейді мамандар. Ал құтқарушылар қалада әлі де жеткіліксіз.

Құрманғазы Сүйіндіков,  СҚО ТЖД «Суда құтқару қызметі» ММ бастығы:
– Құтқарушылар аз болса да қаланың бар жағажайларында бекітілген. Алдағы уақытта Шалқар, Имантау демалыс орындарына қарауыл қосындарын салу жоспарда бар.

Адамдардың суға кету жағдайларын азайтудың тағы бір амалы – жағажайларды көбейту. Ендігі жазда петропавлдықтар үшін суға түсуге арналған тағы бір орын ашу жоспарланған. Қазіргі кезде оған қолайлы орын қарастырылып жатыр.

Кәусар Аяпбергенқызы