Аптадағы маңызды жаңалықтар

Инновациялық жобалардың бірі – Обухов кен орны

 

Құмға қол жеткізу үшін жер қыртысының 12-16 метрі алынып тасталынды. Жауынға байланысты бүгін жұмыс тоқтатылған. Мамандар бұл маңдағы табиғат байлығының қоры 18 жылға жетеді деп болжап отыр.  
Обуховтағы титан-цирконий қоры 6 миллион текше метрді құрайтыны 1989 жылы анықталған. Осы уақыттан бері бірнеше кәсіпорын минералдарға бай кен орнын игеруді бастаған. Бірақ басталған іс талай аяқсыз қалған. Мемлекеттік үдемелі индустриялық -инновациялық даму бағдарламасы аясында Обухов кен орнын игеруді ресейлік «Тиолаин» ЖШС қолға алды. Бүгінде бірнеше карьер бірдей игеріліп жатыр.

Жақсылық Төлемісов, аға геолог:

-Бұндай кен орны Қазақстанда бірнешеу ғана. Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында ғана бар. Ал Обухов кен орны осылардың арасындағы ірісі.

Өткен жылдың бірінші жартысында кәсіпорын тәжірибелік -өндірістік қондырғыны іске қосты. Бұл алып жобаның алғашқы сатысы. Оның бірінші кезеңі бойынша жылына 40 мың текше метр кенді құм өңдеу жоспарланған.

Төлебай Шаймерденов, технолог:

-Карьерден жеткізілген құм бірнеше сатыда өңделеді. Нәтижесінде ильменит, рутил, циркон концентратын аламыз. Бүгінде тәулігіне 180-190 тонна құмды өңдеп, шамамен 5-6 тонна циркон, 2 тонна ильменит пен осынша рутил-цирконий концентратын бөлеміз.

Дайын өнім сынамасы кейін зертханаға жөнелтіледі. Кәсіпорын өнімі металл, әуе өнеркәсібінде, құрылыс материалдарын, керамика жасауда қолданылады. Әзірге, тапсырыс беруші шетелдіктер. Импортқа бағытталған өнім сапасы осы зертханада анықталады.

Наталья Александрова, инженер-химик:  

Платина ыдыста сынамаларды мың градусқа дейін қыздырамыз. Суытып, сілтісінен айырып, құрамындағы 7 оксидті анықтаймыз.

Жоба бойынша Обухов кен орнын игеретін үлкен фабрика салу жоспарланған.

 Илья Ивахов,  «Тиолаин» ЖШС директоры:

-Осы қондырғы негізінде үлкен өндіріс орнының құрылысы жобаланады. Шамамен осы өндірістен 12 есе үлкен кәсіпорын болады деп жоспарланған.

Тәжірибелік-өндірістік кәсіпорында 217 адам еңбек етеді. Негізінен көрші ауылдардың тұрғындары жұмыс тапқан.

Әсем Рахметова