Қоғам

Биыл облыстағы барлық мүгедектер арнайы арбамен қамтамасыз етілмек



Мүгедектік арбаның бірі облыс орталығының тұрғыны Валентин Кулагинге жеткізілді. Биыл жетпіс беске келетін ақсақал жеті жасынан мүгедек. Құлдыраңдап жүрген бала пойыздың астына түсіп, екі аяқтан айырылыпты. Өткен жылы тағы да мертігіп, далаға шығудан да қалды.

Валентин Кулагин, 1-ші топтағы мүгедек:

-2010 жылы қаңтардың 10-ы көз алдымнан бірдеңе зу еткендей болды. Соған қараймын деп құлап түстім. Жамбас сүйегім сыныпты. Сол күннен бері далаға шыққаным осы.

Валентин Кулагин мүгедектігіне қарамастан ұзақ жылдар металл базасында тауар қабылдаушы болып еңбек етті. Екі рет қатарынан инфаркт алған соң зейнетке шықты. Ағайынды 10 еді. Бүгінде жалғыз өзі тұрып жатыр. Сондықтан мүгедек арбасының маңызы ерекше.

Валентин Кулагин, 1-ші топтағы мүгедек:

– Әлеуметтік қамтамасыз ету орындарына алғысым мол. Енді мені далаға шығарса болғаны. Осы маңда арбамен жүре аламын.

Облыста арбаға таңылған 800 мүгедек бар. Кезекте тұрғаны 270 екен. Биыл олардың барлығын арбамен қамтамасыз ету мәселесі шешілмек.

Надежда Зеленская, СҚО бойынша еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы:

– Мемлекеттік сатып алу бойынша 300 арба жеткізілді. 210 -ы бөлмелік, 70- далаға шығуға арналған. 20- сы балалар арбалары.

Облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мүгедектерді кресло-арбадан өзге көзге арналған тифлотехникалық құралдармен, есту аппараттарымен қамтамасыз етеді.

Әсем Рахметова