Денсаулық сақтау

Қан орталығының жаңа жабдықтары

 

 

 

 

Өңірімізде қан қызметі осыдан 46 жыл бұрын құрылған. Целиноград мемлекеттік медицина институтының түлегі Надежда Табачук бұл саланың енді дами бастаған кезін өз көзімен көріп үлгеріпті. Ол бастапқыда қиыншылықтар аз болмады дейді.

Надежда Табачук, облыстық қан орталығы зертханасының меңгерушісі:
 – Ол кезде біз шағын ғимаратта жұмыс істедік. Тек 3 препарат жасайтынбыз. Жұмыс көлемі де азырақ болды, қанды тексеріп, сараптама жасауға қыруар уақыт жұмсалатын.

Ал қазір бар жұмыс заманауи құрал-жабдықтың көмегімен жүзеге асады. Облыстық қан орталығы бой көтергелі тек құрылғылардың өзіне 620 млн теңге көлеміндегі қаражат жұмсалыпты.

Надежда Табачук, облыстық қан орталығы зертханасының меңгерушісі:
– Донорлар қазіргі кезде біздің орталықта бірнеше сағаттап кезекте тұрмайды. Бар болғаны 40 минут уақытын жұмсайды. Бұл еліміздегі медицина саласының дамығандығын білдіреді деп ойлаймын.

«Интерлаб» аппараты өңіріміздегі теңдесі жоқ құрылғылардың бірі. Себебі ол қандағы ақуыздарды таратып, сараптама жасауға қажетті үрдісті өздігінен орындай алады. Өзге құрылғылар да донорлардың қанын тез арада тексеріп, әлемдік стандарттарға сай қан компонентін әзірлеуге септеседі.

Марина Бережная, донор:
– Қазір орталықта донорларға барлық жағдай жасалған. Тіркеу бөлімінде бізді суретке түсіріп, сол бойынша қан тапсыруға шақырады. Бұл біраз уақытты үнемдейді.

Күн сайын онкологиялық, хирургиялық бөлімшелердегі науқастарға қан қажет. Қазіргі уақытта аталмыш орталық өңірімізді қанмен толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Инеш Шоқақова