ТКШ

Қаланы абаттандыру жалғасуда

 

 

 

Батыр Баян көшесіндегі 3-ші үйдің ПИК төрайымы Валентина Брюховец көктемде аулаларды абаттандыру бойынша жарияланған байқауға қатысуға өтініш жіберген. Қалалық әкімдік бұл өтінішті назардан тыс қалдырмапты. Кейін ПИК пен жергілікті биліктің бірлесіп қаржыландыруының арқасында аула жаңарып сала берген.

Валентина Брюховец, Батыр Баян көшесі, 3-үй ПИК төрайымы:
Біз ең алдымен ыстық және суық су құбырларын ауыстырдық. Содан соң мен ауланы абаттандыру жұмыстары бойынша қалалық әкімдікке өтініш білдірдім. Бір-екі рет қала әкімінің қабылдауына барғаннан кейін ауламыз жаңа кейіпке енді.

Енді бұл аула өзгелерге үлгі болуға дайын. Бірлесе жасаған жұмыс нәтижесінде балалар алаңқайы жөнделіп, аула жолы қалпына келтірілген. Үйдің маңында дем алып, серуендеуге барлық жағдай жасалған. Тіпті түрлі-түсті гүлдерді отырғызу да назарда болған. Бұл өзгерістерге тұрғындар да дән риза.

Бұрындары жауын болғанда аулаға шығу мүмкін емес еді. Балаларға да ойнайтын арнайы жер жоқ болатын. Қазір ауламыз әдемі, көңілімізден шықты.
Бұрын мұндай әткеншектер болған жоқ. Қазір аулаға шығып достарыммен емін-еркін ойнаймыз.

Бұл шарадан облыс орталығының бір де бір ауданы тыс қалмақ емес. Тек пәтер иелері кооперативі қалалық әкімдікке өтініш жолдаса болғаны. Байқау комиссиясы қажетті құжаттарды мұқият қарастырып, шешім қабылдайды.

Руслан Мақашев, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы,  автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің жетекші маманы:
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың жаз мезгілінде орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Ол Мир көшесінде, Жұмабаев көшесінде, Хименко, Победа және Букетов көшелерінде.

Алдағы уақытта тағы 20 аулаға асфальт төселіп, дәл осынша балалар алаңқайын абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.

Инеш Шоқақова