Билік

Украинаның Қазақстандағы елшісі Олег Деминнің Петропавлға сапары

 

Өткен жылы облыстың сыртқы сауда айналымы 405 млн. АҚШ долларын құрапты. Экспортқа шығарылған  өнімнің 1,1 пайызы Украина еліне жеткізіледі екен. Ол ет, сүт, көкөніс пен өзге де азық-түлік тауарлары. Ал шетелден енетін импорттың басым бөлігі  көлік нысандары. Оның 5,9 пайызын украиндықтар жеткізеді. Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілеттті елшісі Олег Деминмен кездескен облыс әкімі Серік Біләлов осылайша екі ел арасындағы дәстүрлі сауда-экономикалық, мәдени байланысымыз үзілмей жалғасып келетінін атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Қазақстан мен Украина елдері арасында жақсы достық әріптестік қарым-қатынастың орнағанына талай уақыт болды. Көптеген кәсіпорындар екі жақты келісімге тұрды. Киев, Николаево, Днепродзержинск қалаларының компанияларына біздің электр оқшаулағыш материалдарымыз ұдайы жеткізіліп тұрады. Запорожецк қаласының “Кремниполимер” мемлекеттік кәсіпорыны да біздің өнімді өндірісте пайдаланып жүр.

Ал химия өндірісін жақсы жолға қойып алған Украинадан өңіріміз бояу мен лак сатып алады екен.

Олег Демин,  Қазақстандағы Украинаның Төтенше және Өкілетті елшісі:
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде екі ел арасындағы экспорт пен импорт 3 есеге артыпты. Әлі де тауар айналымында, шеберлік алмасуда қозғалмаған тұстар көп. Сол үшін арнайы келіп отырмын. Мен еліміздің бүгінгі жағдайын ескере отырып, ұсынатын барлық мүмкіндіктерімізді тізіп келдім. Отаныма көптеген жаңашылдықтармен оралатыныма сенімдімін.

Бүгінде Украина елінде металлургия, ауыр машина жасау, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Олег Демин әсіресе көлік нысандарын бірлесіп құрастырудың жемісті болатынын атап өтті. Қазіргі таңда қосылып “Ан” ұшақтарын құрастыру жобасы қаралып жатыр.Елші ол үшін петропавлдық зауыттардың дайындығына көз жеткізіпті. Кездесуде екі жақтың байланысы ақсап қалған сауда-өндірістік палаталарының қарым-қатынасын жандандыру мәселесі де көтерілді.

Нелли Кукушкина, СҚО сауда өнеркәсіп палатасының төрайымы:
Егер сіздердің бизнесмендермен көзбе-көз жолықсақ жақсы болар еді. Делегация бізге келіп, бірігіп не жасай алатынымызды көрсе, кейін бір шешімге келеміз ғой. Мәселен, украиндық шеберлердің ағаш өңдеу тәсілдері бізді қатты қызықтырады.  

Олег Дёминді бүгінде халықаралық талаптарға жауап беретін “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” басшысының ұсынысы да қызықтырды.

Александр Кондратов,  “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директоры:
Біздің зауыттың 3-4 қабаттары бос қаңырап тұр. Егер де сіздердің кәсіпкерлеріңіз өңірімізде жобаларын жүзеге асырамын десе, біз келісімге тұруға даярмыз. Қай сала болсын,әйтеуір екі жаққа да тиімді болса болғаны.

Облыс әкімі Үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясында Украинамен әріптестік байланыс орнату өңір үшін тиімді дейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Туризм, білім саласын дамытуда бірлескен табысты жұмыс жасай алатынымызды байқадым. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуда, ұн үгу диірмендерін ұйымдастыруда , ауыр машина құрастыруда бір-бірімізге демеу бола аламыз. Сондықтан сөзден іске көшуге бар жағдайларды жасау керек.  

Сондай-ақ Олег Демин өңір кәсіпорындарында болып, олардың мүмкіндіктеріне көз жеткізді.

Елші украин диаспорасымен де кездесті  

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі облыстағы “Свитанок” украин мәдениеті орталығының өкілдерімен де кездесті. Әңгіме барысында мейман мұндағы қандастарымен рухани, мәдени байланыстарды нығайту мәселесін қозғады.

Өңіріміздегі украин ұлтының өкілдері тарихи Отанындағы қандастарымен қарым-қатынастарын ешқашан үзген емес. Ұлттың басты құндылықтары – мәдени, рухани, білім саласындағы байланыс та үнемі назарда. Мәселен, биылғы жылға дейін Қазақстандағы украин жастары арнайы бағдарламамен Украинаның өзінде білім алып жүрген екен.

Александр Платко, СҚО “Свитанок” украин мәдениеті орталығының төрағасы:
-Украин диаспорасының өкілдері арнайы квотамен Харьков авиация институтында, Киев университетінде оқып, жоғарғы білім ала алатын. Тек биыл, өкінішке қарай, ол бағдарлама жоқ.

Жыл сайын Қазақстаннан Украинаға аттанатын студенттердің саны 10-нан аспаған. Осының салдарынан бағдарлама да қызметін доғарыпты. Келесі жылдан бастап ол қайта қолға алынбақшы. Екіжақсы байланыстар басқа салаларды да қамтиды.

Олег Демин, Қазақстандағы Украинаның төтенше және өкілетті елшісі:
-Біз Қазақстанның индустрия саласын әрдайым назарда ұстап, оған өз тарапымыздан барынша үлес қосып отыруға тырысамыз. Ұлттық жобалар жөнінде үнемі мәліметтер алып тұрамыз. Енді қазақстандықтардың Украинада еркін білім алып, қызмет жасай алулары үшін жол ашқымыз келеді.

Соңғы халық санағының мәліметіне сәйкес, СҚО-да  – 35 673, Петропавлда 5 785 украин ұлтының өкілі тұрады. Кездесуде көтерілген туризм мәселесі жергілікті украин диаспорасының өкілдері үшін қуантарлық жай болды. Егер бұл сала жөнді деңгейіне жетсе, Украина қазақстандықтар үшін өздерінің курорттық шипажайлары мен демалыс орындарының есігін айқара ашпақ. Жиынға қатысқан жастар болса, екі ел арасындағы мәдени байланысты күшейту мәселесін қозғады.

Вадим Рудаков, “Русская община Казахстана” жастар қанатының СҚОФ төрағасы:
– СҚО бірнеше ұлттың өкілі үшін туған мекенге айналды. Сондықтан, меніңше, басқалар сияқты, украин халқының мәдени мұрасын Қазақстанда сақтау экономикалық мәселеден кем қарастырылмауы тиіс.

 Жеңіс Ермұқанов, Кәусар Аяпбергенқызы