Спорт

Каратешілер сайысы

 

 

 

Дүбірлі халықаралық жарыс Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен Жапонияның үздік деген шығыс жекпежегі шеберлерін жиды. Барлығы 8 бен 21 жас аралығындағы 350 сайыскер жеңістен дәмелі болып, белді бекем буып келіпті. Бұл мықтылар тартысында СҚО намысын 5 бірдей каратеші абыройлы қорғап шықты. 45 келі салмақ дәрежесінде кумитэ сынында жұдырық түйістірген жерлесіміз Серік Алмасовқа турнирдің жеңімпазы атану үшін бір ғана қадам қалыпты.

 

Серік Алмасов, жарыс жүлдегері:
– Мен төрт кездесу өткізіп,  3-н өз пайдама шештім. Ақтық сында қазақстандық қарсыласыма ұтылып қалдым. Ендігі жолы есемді қайтаруға тырысамын.

Енді бір солтүстікқазақстандық Данияр Қаппасовта 60 келі салмақ дәрежесінде өңір құрамасының қоржынына күміс алқа салды.  

Данияр Каппасов,  жарыс жүлдегері:
– Қарсыластарым өте мықты болды. Менің салмағымда 16 спортшы тартысты. Солардың арасынан суырылып алға шыққан қос үздіктің бірі болу мен үшін үлкен мәртебе болды. Алайда қорытынды жекпе-жекте шаршағаным байқалып, сыр бердім.

Сондай-ақ бұл екі жерлесіміз жемісті сапарларында қара белбеу бірінші данға сынақты сәтті тапсырып қайтыпты.

Сергей Арамов, СҚО каратэ шинкиокушинкай федерациясының президенті:
– Жарыста шығыс жекпе-жегінің хас шебері жапондық Кейджи Сан-Пей болды.
Ол сайыскерлерге шеберлік сабақтарын өткізді. Мейманның қабылдаған сынағынан біздің тәрбиеленушілер сүрінбей өткеніне қуаныштымын. Бұл біздің жұмысымызға берілген баға деп білемін.  

Енді өңір каратешілері Астана қаласында өтетін ел чемпионатында мықтылықтарын тағы бір растайтын сыннан өтпек.

Жеңіс Ермұқанов