Аптадағы маңызды жаңалықтар

Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын

 

 

 

 

 
 «Леонов» шаруа қожалығы  – өткен жылы таспасы қиылған облыстағы он инновациялық жобаның бірі. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында мұнда мал кешені салынып, оның бірінші бөлігі уақытылы қолданысқа берілді. Үлкен қорада 340 бас сауын сиыр қыстап шықты. Заманауи қораға енген сиырлардың жағдайы да жақсарды. Ең басты өнім – сүт көлемі артқан. Бір жылда сиыр басынан 4 мың литр сүт алыныпты.

 Яков Леонов, «Леонов Я.П.» ШҚ басшысы:

-Фермада сауу аппараттары жұмыс істейді. Бірінші кешенді ашқалы өнімділік артқанын байқадық. Әр сиыр күніне 1,5-2 литр сүт көбейтті. Өйткені мал байлауда тұрған жоқ. Суы да, жемі де алдында. Мал еркін қозғалады.

Шаруашылық басшысы Яков Леонов әкесі Павел Яковлевичтің ісін жалғастырушы. Зеңгі баба тұқымының қыр-сырын жастайынан меңгерген. Сондықтан, қара малға қажетті жағдайдың барлығын жасап бағуда. Екінші кешен құрылысы кезінде де қондырғының озығын қарастырыпты. Фермадағы барлық қондырғылар Украинадан жеткізілген. Ал бетон құю жағын жергілікті құрылысшылар жүргізіп жатыр.

Тельман Алиев, құрылыс компаниясының бригадирі:

– Жұмысшыларға да, малға да ыңғайлы болсын дейміз. Бұндай қорада тұрған мал да тап-таза болады. Сондықтан бір айдың ішінде жұмысты толық аяқтап шығамыз.

Шаруашылық үстіміздегі жылы «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен қаржылай көмек алған. Жаз бойы жем-шөп жинау үшін иелігіндегі техниканы да көбейтіпті. Жаңа кешенге енгізілетін мал басы да түгенделіп жатыр. Жыл соңына дейін қосымша сауын сиыр сатып алу да жоспарда бар.

Яков Леонов, «Леонов Я.П.» ШҚ басшысы:

–  Өткен жылы сауын сиыр 340 болса, биыл мал басын 670- ке жеткіземіз. Өзімізде 200 тайынша бар. Жетпегенін шетелден әкелуді қарастырып жатырмыз.

Жаз бойы сауын сиырлар жайлауға шығарылады. Бұзау біткен ауыл маңында жайылады. «Леонов» шаруа қожалығы қыста Трудовое ауылынан 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал жазғытұрым дала жұмыстары басталғанда тағы қосымша 50-70 азаматты еңбекке тартады. Шаруашылықтың 5 мың гектар жері бар. Биыл да дақылдың сан түрі себіліпті. Шаруашылық басшылығы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен бірнеше рет Израиль, Ресейге шығып, ол елдердегі озық технологияларды көріп қайтыпты. Кейбіреуін жүзеге асыру да ойда бар.

Әсем Рахметова