Қоғам

Елімізде батыс, солтүстік пен орталық аймақтарды біріктіретін газ құбыры салынбақшы


 

Бюджет есебіндегі газ құбырының құрылысы 2040 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ауқымды жоба бойынша табиғи газбен 4 облысты қамту көзделуде. Қысымы жоғары 820 мм құбыр арқылы көгілдір отын еліміздің солтүстік өңірлеріне толықтай жеткізілетін болады. Мыңдаған шақырымға тартылатын газ таратқыштың пайдасын өңіріміздің 360 елді мекенінің 400 мыңнан астам тұрғыны көрмек.

Рашид Сюникаев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Газ құбырын салу бойынша бүгінде 4 нұсқа ұсынылып отыр. Бізді қуантатыны қай жобаны алмасақ та магистраль солтүстік өңір арқылы өтетін болады. Егер де жоба сәтті жүзеге асса, облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайы біршама жақсарады. Кейін тіпті ауылдардағы әрбір үйге газ тарату жоспарда бар.

Үлестіргіш желілердің құрылысына ғана 145 млрд теңге жұмсалмақ. Ал табиғи газ көздері жоқ аумақтарға құбыр тартудың қоршаған орта мен адам ағзасына келтірер зиянын “Мекенсақ” ғылыми- өндірістік орталығының ғалымдары зерттеп байқаған.

Ерік Аязбаев, «Мекенсақ» ғылыми- өндірістік орталығының бас директоры:
-Көмірді жаққанда одан иісті газ шығады. Түтінінің ішінде ыс бар. Көмірдің құрамында күкірт бар. Ал газ жаққанда оның біреуі де жоқ. Екіншіден, көмір жаққанда күл шығады. Күл тау-тау боп үйіліп ауаны бұзады, жер бетіндегі, жер асты суларын ластайды.
Газ жаққанда ол болмайды.  

Мамандардың есебінше 1 мың текше метр газ 2 тонна көмірді алмастырады екен. Жаңашылдық іске асса тұтынушылардың қалтасын да аса қақпайтын көрінеді. Жаңа жобаның өміршендігі жайлы ендігі кезекте Көкшетау мен Қарағанды қалаларында талқыланатын болады.

Жеңіс Ермұқанов