Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жас сарбаздар ант берді

 

 

Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің қатарына тағы 180 отан қорғаушы жас қосылды. Ресми түрде сарбаз атанғанға дейін олар 1 ай бойы үздіксіз дайындықтан өткен болатын. Енді 66/37 әскери бөлімнің толыққанды мүшелері атанған жаңа буынды облыс әкімі С.Б. құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– ҚР қызмет ету жолында сіздерге артылған үмітті ақтап, әскери борышты адал атқарады деген сенімдемін. Батыр бабалар сияқты Отанымыздың қорғаны болыңыздар.

Бұл жаңа толқын 66/37 әскери бөлім құрамында келісім-шарт бойынша 1 жыл бойы азаматтық борыштарын өтемек. Олардың жартысы Петропавл аумағында, жартысы Горное, Заречное селоларында қызмет жасайтын болады. Отан алдындағы борыштарын адал өтеуге  ант бергендердің бірі –  қатардағы сарбаз Тимур Маняпов.

Тимур Маняпов, жас сарбаз:
Бүгін халқымыздың, Елбасының алдында борышымызды өтеуге ант бердік. Барлығыңызға тілеймін зор денсаулық, ашық аспан.

Бүгінгі қауым алдында сапқа тізілген нағыз ер азаматтар ата-аналар үшін әлі де бала. Көз қуаныштарының осы маңызды қадамдарына куә болуға елдің әр түкпірінен келген әкелер мен аналардың шаттығында да шек жоқ.

Сырым Қадыров:
Мен Атыраудан келдім. Оларға әскери борышын адал өтеулерін тілеймін.

Жас сарбаздардың әскери қатаң өмірге басар алғашқы қадамдарына аға буын өкілдері ақ бата беріп, сәттілік тіледі.

Кәусар Аяпбергенқызы