Құқық қорғау органдары

Кәнігі алаяқ қолға түсті

 

 

 

Қалалық ішкі істер басқармасына тұрғындардан алаяқтың қармағына ілінгені жайлы бірқатар шағымдар келіп түскен. Жапа шеккендердің көбі – орта жастағы нәзік жандар. Бар жағдайда қылмыс бір әдіспен жасалған: ер адам тұрғын үй аулаларында, көшеде серуендеп жүрген жандармен ірі фирманың не дүкеннің директоры ретінде танысқан. Кейін жұмыссыздарға қызметке тұруға ұсыныс жасапты. Жұмыс жөніндегі тартымды әңгімесімен аузына қаратқан арамза санитарлық кітапшаның да маңызы зор екендігін айтқан. Азаматшада бұл құжат болмаған жағдайда, медициналық тексерістен тезірек өтуге көмек көрсетуге  уәде еткен. Бұл қызметі үшін ол 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін ақша сұраған. Медициналық мекемеге бірге келген, жәбірленушіні сыртта қалдырып, одан алған қаражатпен басқа есіктен шығып, ізін суытып отырған. Бұдан кейін алданғандар алаяқты көрмеген. Жедел іздестіру шаралары барысында қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері сезіктіні анықтап, қолға түсірді. Бұл адам бұрыннан полицейлердің тізімінде алаяқ ретінде тіркеуде тұр екен. Жапа шеккендер ұсталғанды бірден таныды. Күдікті қамауға алынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Айдана Демесінова