Денсаулық сақтау

Перинаталдық орталық: тәуелсіздіктің 20 жылы

 

 

 

 

Қарағанды медициналық институтының түлегі Бибігүл Көжекбаеваның облыстық перинаталдық орталықта тынымсыз еңбектенгеніне 20 жылдай уақыт болыпты. Бастапқыда бірқатар қиыншылықтар кездескен. Ол кездері еліміздегі медицина саласы жаңа дамып, дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі енді ғана шешіле бастаған еді.

Бибігүл Көжекбаева,  облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
– 1 ампула ацетостинді, әйелге қан кету кезінде қолданылатын дәріні, қалтамызға салып жүрген де кездер болған.
Ол кезде аппаратурамыз да төмен сапалы және аз болды. Мысалы, наркоз аппаратын да айтуға болады. Ол кездегі құралдармен қазіргі аппараттарды салыстыру мүлде мүмкін емес.

Қазіргі кезде перинаталдық орталықта қажетті дәрі-дәрмекті жедел жеткізу мәселелері де оң шешімін тапқан. Босанғаннан кейінгі бөлімшенің меңгерушісі Бибігүл Көжекбаева бұл мемлекет тарапынан медицина саласына ерекше көңіл бөлінетіндігінің белгісі дейді.

Бибігүл Көжекбаева, облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
Салауатты мемлекет ең бірінші адамдарға көңіл бөлуге тиісті. Ол білім беру, медицина және әлеуметтік салалар. Әрі қарай да дами беретінімізге сенімдімін.

7 баланың анасы Оңғар Нұртаева жылдан-жылға медицинаның дамып келе жатқандығын аңғардым дейді. Кішкентай Диананың салмағы дүниеге келгенде 1 келі 400 грамм ғана болған екен. Арнайы емшаралар мен заманауи құрылғылардың арқасында сәбидің жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді.

 Оңғар Нұртаева, сәбидің анасы:
– Балаларымызға өте жақсы жағдай жасалып жатыр. Міне, қызым үлкен болып өсіп қалды. Дүниеге келгелі 1 келі салмақ қосты.

Арнайы құрылғылармен жабдықталған перзентхана 135 орынға шақталған. Бұл жерде соңғы 20 жыл ішінде 62 мыңнан астам сәби дүниеге келіпті.

Инеш Шоқақова