Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астанаға – 13 жыл

 

 

Дүние жүзінде бірнеше ел ғана өздерінің ресми астаналарын ауыстырыпты. Тәуелсіздігін алған Қазақстан да осы жауапты іске бел буды. Міне, осы шаһардың Елордасы, Астана атанғанына 13 жыл толып,  алғашқы мүшеліне жетті. Жетістікпен жайнай, дами жетті. Астана болашақтың қаласы атанды. Жауапты қадамға баруды ұсынған Президент бас қаланы баласындай өсірді. Бұған дейін облыс орталығы болып келген Ақмоланың бет-бейнесін өзгертуге, жалпы тұрпатын салуға жер-көктің хас шеберлері жиналды. Жапониядан Кусе Куракова, Ұлыбританиядан Норман Фостер сияқты сәулетшілер келді. Хас өнердің озық туындылары аз уақытта өмірден орын тауып, тәуелсіз елдің бас қаласының бейнесін көрсетті. Астананың символы Бәйтерек монументі – ел мақтанышы. Көкке шаншылған биіктігі 97 метрлік ерекше ғимараттан қаланың әр бұрышына көз жүгіртесіз. Кешегі мен бүгінгі шаһардың айырмасын осы жерде анық түсінесіз.
Бұл маңдағы сулы-жасыл бульвар да қалалықтар мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналған. Гүлзарлар мен субұрқақтар, түрлі композициялар жүйелі жұмыстың нәтижесі.

-Жұмыс өте көп болды. Мен бас инженер-құрылысшымын. Зейнетке шықсам да жұмыс орным босатпады. Осы жасыл бульвардың құрылысына бастан-аяқ қатыстым. Салып бітіргенімізге 5 жыл өтіпті. Айнала ғимараттар тұрғызылып, көріністі көркейте түскен. 

Бас қалада соңғы үш жылда ғана 4 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй салыныпты. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында тапсырылатын әлеуметтік нысандар да жетерлік. Яғни, бас қала атына заты сай, көрсе көз тояр астанаға айналған. Астана – әкімшілік қала, іскерлік орталығы атанды. Соңғы жылдары бұнда 250-ден аса әкімшілік ғимараттар салынды. 700 мыңнан аса адам елордада тұрып жатыр. Кей есептеулер бойынша жиырма жылдан соң бас қаланың халқы бір миллионнан асады. 1999 жылы ЮНЕСКО тарапынан «Бейбітшілік қаласы» атанған Астананың халқымен қатар даңқы да арта бермек.

Әсем Рахметова