Билік

Облыстың құрметті азаматтарының қатары толықты

 

 

 

Бүгінгі күні облыста “Социалистік еңбек ері” атағына 11 жерлесіміз ие. Өңір экономикасының дамуына сүбелі үлестерін қосып, белсенді қоғамдық қызмет атқарған олар ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында “СҚО құрметті азаматы” атағына лайық деп табылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Сіздер Қазақстанның дамуы жолында қажымай еңбек етіп, “Социалистік еңбек ері” жоғары атағына ие болдыңыздар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз үлгі болары анық.

Бес жерлесімізді облыс әкімі салтанатты түрде марапаттады. Өз кезегінде аға ұрпақ көрсетіліп жатқан сый-құрметке зор алғыстарын білдірді. Олар еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен үлкен жетістіктері мен табыстарына қуанатындарын айтады. Жолаушы Рамазанов саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған жан. 35 жыл механизатор болып еңбек еткен ардагер қазіргі заманғы техникалардың мүмкіндігіне қайран қалады.

 Жолаушы Рамазанов,  Социалистік еңбек ері, СҚО құрметті азаматы:
– Жақсы-жақсы техникалар келіп жатыр. Баяғы кезде біз жұмыс істегенде көзіміз ғана көрінетін шаңнан. Жуырда көрдім жаңа комбайндарды, тракторларды. Сонда айтқаным, сендердің орындарында екі емес, алты тәулік жұмыс істеуші едім деп. Таза, денсаулыққа да зияны аз.  

Кездесуде облыс әкімі ардагерлерге жағымды жаңалық жеткізді. Облыстық мәслихаттың шешімімен “СҚО құрметті азаматы” атағын алған барлық адамдарға қаржылай көмек көрсетілмек. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді.

Айымгүл Әбілева