МТРА жаңалықтары

Коллектор істен шықты

 

 

Апаттық жағдай алдымен маусымның жиырма тоғызында орын алған. Мамандардың айтуы бойынша 3-ші қалалық аурухана маңындағы коллектор жауынды жазға шыдас бермеген. Жер астындағы 1200 миллиметрлік құбыр төмен түсіп кетіп, бұл маң көл-дария болыпты. Екі тәуліктен соң көше бойлай тағы бір жерден құбыр жарылды. Жексенбіде апат үшінші жерге көшті.

 Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:

 – Коллектордағы су деңгейі көтеріліп кетті. Сондықтан тозған коллектор шыдас бермеді.  

Мамандар әуелгіде құбырды жамаумен шектелмек болған. Кейін толық ауыстыру туралы шешім қабылданыпты. Бүгінде бір шақырымнан астам құбыр желісін жаңарту жоспарланып отыр. Апат күндері бірнеше ауданда су беру тоқтатылды. Кестелі түрде 2-3 сағатқа су тоқтату әлі де бірнеше күнге жалғасады.

Сергей Визеров,  «Петропавл су» АҚ бас инженері:

 – Бұл аумақты 2-3 күнде ауыстырамыз. Жұмыс жүргізетін мердігер де анықталды. Ал жақын маңдағы аудандар суда қалмас үшін әлі де 2-3 сағатқа су тоқтату қайталанып тұрады.

Су беру осы маңдағы ауруханада да тоқтатылды.  Сондықтан  науқастар ертерек үйлеріне қайтуға мәжбүр.

– Әйелімді ауруханадан әкетуге бара жатырмын. Ота жасалғанына бір апта ғана. Тағы да жатуы тиіс еді, су болмауына байланысты ертерек шығарып жатыр екен.
– Су жоқ. Таңертең берген, біраз жинап алдық. Ал жеңіл науқастар үйлеріне қайтарылып жатыр.  

Тозығы жеткен құбырдың жарылуы да, коллектордың істен шығуы да кездейсоқтық емес көрінеді. Набережный көшесіндегі құбырлардың төселгеніне 50 жылдай болып қалған. Облыс орталығында осыдан 76 жыл бұрын тартылғанын су құбырлары да бар.

 Әсем Рахметова