Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елорданың алғашқы мүшелі

 

 

Маусымның 6-сында күллі қазақстандықтар Елорданың 13-туған күнін атап өтпек. Мерекеге дайындық мұнда бірнеше ай бұрын басталып кетіпті. Көктем келісімен-ақ қала көшелерінде арнайы гүлдердің сан түрі отырғызылған. Мәселен, мынадай әдемі кілемшені тоқу үшін негізінен қанық түсті шырайгүлдер қолданылыпты. Сәнді көшелердің өзі Астана күнін тойлауға қаланың бар ұжымдары жұмылғанын паш етіп тұр. Мереке күндері Ұлттық академиялық кітапхана қонақтар назарына Елорданың құрылуын бейнелейтін көрме ұсынбақ. Бүгінгі таңғажайып қаланың іргетасы 1832 жылы қаланған. Мұны айғақтайтын құжаттар Ресейдің Омбы қаласындағы мұрағаттан табылыпты.  

 

 

Марат Әбсембетов, ҚР Ұлттық мұрағаты бас директорының орынбасары:
–  Ақмоланың 1868 жылғы елтаңбасында бидай масақтары мен қасиетті ақ мола салынған. Бұл құжаттарда қаланың құрылуы жайлы көп мәліметтер келтірілген.

Ал 1998 жылдың 6 шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмоланың атын Астана қылып өзгерту жөнінде шешім қабылдады. Бүгінде тұрғындар оны әлемнің Астанасына балайтын көрінеді. Әлбетте, бұл бекер емес. Мемлекет басшысының инновациялық жобасының арқасында Евразияның кіндігінде әсем қала бой көтерді. Бірер күнде тойланғалы жатқан Астана күнінде 40-қа жуық спорттық, ғылыми және мәдени шара өтеді. Атап өтсек, «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк, көшпенділер өркениетінің фестивалі, суретшілердің шығармашылық симпозиумы және халықаралық металлургиялық фестиваль. Елдің 20 жылдығы қарсаңында мұның бәрінің өзіндік саяси маңызы бар. Сондай-ақ ресейлік  эстрада жұлдыздары Тимати, Игорь Крутой, «Градусы» тобы, украиндік Quest Pistols және шетелден келетін Стинг, Лара Фабиан сынды әншілердің ән-шашулары қонақтарға тартылған ең үлкен сый болары сөзсіз. Ал астаналықтардың өздері болса бәрінен бұрын елге амандық және Елорданың осы қалыпта гүлдене беруін тілейді.

– Бұл қала керемет көркеюде, Бәйтерек, Хан шатырының салынуы Президентіміздің арқасы. Осы қаланың бар тұрғындарына бақыт, күлкі тілеймін.
– Осы қала таза болсын, көркейе берсін деп тілеймін
– Қазақ халқының осындай сәнді, мәнді қаласын көркейтіп, таза ұстауға кеңес берер едім.

Кәусар Аяпбергенқызы