Спорт

Облыс велошабандоздарының жеңісі

 

Маусымның 22 – 26 аралығында Талдықорған қаласында өткен спартакиадада өңір намысын ерлер мен жасөспірімдер құрамасы қорғады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған спортшылар ішінен солтүстікқазақстандықтар үздік өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленді.

Сергей Кручина, ҚР еңбек сіңірген бапкері:
-Біздің команда әлі жас. Спортшылардың орташа жасы 19-20 шамасында. Олардың Александр Винокуровтың жолын қуып, жоғары тұғырлардан көрінулеріне мүмкіндіктері бар. Тек талмай жаттығу керек.

Велошабандоздардың шеберлігі командалық және жеке жарыстарда сыналған. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Олег Земляков 25 шақырымдық жеке жарыста 1-орынға қол жеткізді. Ол енді Қазақстан Республикасының құрамасында өнер көрсетуге дайындалуда.

 Олег Земляков, велошабандоз:
– Бапкерлерімізге зор алғысымды білдіргім келеді. Мен тек үздік бестікке ілігемін деп ойлаған болатынмын. Бірінші орынға қол жеткізгеніме қуаныштымын.

Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің велоспорт мектебінде 286 спортшы жаттығады. Олар түрлі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, биік тұғырлардан көрінуде. Әлі де талай додаларға қатысу жоспарда бар. Қазіргі уақытта спортшылар шілденің 8 -18 аралығында Павлодар қаласында өтетін көпкүндік веложарысқа дайындық үстінде.

Инеш Шоқақова