Бизнес және экономика

Жақында «Молсервис» ЖШС өнім көлемін ұлғайтады

 

 

Бүгінгі таңда өндіріс қуаты тәулігіне 17,2 тоннадай сүт өндіру мүмкіндігіне ие. Мұның барлығы Италия, Франция елдерінен жеткізілетін заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүзеге асырылуда. Жақында “Молсервис” сүтті бөліп құятын бөлшектегіш асептикалық машинаға тапсырыс берген. Қымбат қондырғы несиеге алынбақ. Оның өнімділігі сағатына 6800-7200 пакетті құрайды. Серіктестік директоры Сергей Чепурко шетел машинасы өндіріс көлемі мен сапасын жақсартады деп сенеді.

Сергей Чепурко, «Молсервис» ЖШС директоры:
«Бизнестің жол картасы 2020» кәсіпкерлерге үлкен көмек. Біздің кәсіпорынға 20 жылдай болып қалды. Ал соңғы 15 жыл біз несие ала алмай қиналып келдік. Себебі, жылдық үстемақы 20-30 пайызды құрайды. Енді оңтайлы жоба аясында сүтті бөліп құятын асептикалық машинаны қорықпай несиеге рәсімдемекшіміз. Қарызға берілетін қаражаттың жылдық үстемақысы 10 пайыз ғана.

“Молсервис” серіктестігінде 130-дан астам маман қызмет етеді. Кәсіпорын өнімдерін Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарына шығарады. Компания жаз мезгілінде сүттің көптігін пайдаланып, 20-ға жуық өнім шығарады екен. Қыста сиырлар суалатын болғандықтан бұл көрсеткіш екі есе азаятын көрінеді. Айту керек, тағамдардың құрамы денсаулыққа пайдалы қосындылармен – лактулоза, йодпен байытылған. Өкінішке қарай бұл өнімдердің сақталу мерзімі өте қысқа.   Осы орайда Сергей Чепурконың ультратазалағыш машина сатып алмақ ойы бар. Ол өнімді 10 күнге дейін сақтауға көмектеседі. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының мүмкіндігін тағы да пайдалансам дейді.

Сергей Чепурко, «Молсервис» ЖШС директоры:
Меніңше, кез келгенімізге кәсібіміздің жағдайын жақсартып алуға оңтайлы жағдай туып тұрған сияқты. Біздің алайын деп отырған қондырғымыз өте қымбат. Өз ақшамыздан жинап алайық десек оған 10 жылдай уақыт қажет. Ал мына несие 3 жылға өте төмен пайыздық үстемақымен берілмек. Егер бағдарлама жақсы нәтиже берсе, тағы да келісімге отырамыз ба деген ойымыз бар.

Серіктестік қызметкерлері жаңа қондырғыны асыға күтуде. Шамамен жаздың соңына қарай жеткізіліп қалар деп жоспарлап отыр. Оған дейін сүт машинасын орналастыратын бос орын дайындап қойған.

Галина Осинцева, ауысым шебері:
– Әрине, біз ең алдымен жұмыс сапасына жауап береміз. Ол үшін сүт тағамдарын өндіретін құрал-жабдықтарды жаңадан жасақтап отырамыз. Жақында сүтті бөліп құятын қондырғы әкелінбек. Оның мүмкіндіктері ескісіне қарағанда әлдеқайда зор. Енді мамандар қайта білімдерін жетілдіретін болады.  

«Молсервис» ұжымының қазіргі жетістіктері осындай.  Ал қыркүйек айында олар компанияның 20 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Гүлден Сәрсенбаева