Бизнес және экономика

«ВЭЛТА» фирмасының мерейтойы

 

 

 

 

«ВЭЛТА» ЖШС шілденің бірі 15 жылдығын тойлап отыр. Бүгінде кәсіпорын халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтіпті. 2000 жылы алғашқы «Пирамида» сауда үйі ашылған болатын. Биыл бұл сауда орнының тоңазытқыштары мен сөрелері жаңартылды. Мұндағы тауардың көп бөлігі серіктестіктің өз өнімі. Мәселен, ас атасы – нан, тәтті тоқаштар, торт және салаттар тұтынушылардың көңілінен шығады. Тіпті, кейбіреулер  алдын ала тапсырыс та беріп қояды екен.

Тұрғындар:

-Жұмысым жақын жерде болғандықтан осында келемін. Үнемі нан өнімдерін аламыз. Салаттары да дәмді
-Мұнда нан өнімдерінің сан түрін табуға болады. Жаңадан пісірілген. Осы сауда орнының тұрақты клиентімін.
– Бұл дүкеннің тауары ұнайды. Мұнда жиі келемін. Түске тамақтану үшін тағамды осы сауда үйінен сатып аламын. Сатушылар да жақсы қызмет көрсетеді.

Қазіргі таңда кәсіпорынның Петропавлда 2 көтерме және бөлшек сауда нүктелері бар. Сондай-ақ Булаев, Возвышенка, Мамлютка және Сергеевка қалаларында да серіктестік өніміне деген сұраныс үлкен. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығында кәсіпорын үздік атанып, дипломмен марапатталған. Сонымен бірге Елбасының алғыс хатына да ие болыпты.
Мекемеде 150-ден астам адам жұмыс істейді. Компания менеджерлері, есепшілері және саудамен айналысатын қызметкерлері жоғары білікті мамандар.

Дмитрий Кан, “ВЭЛТА” ЖШС директоры:
– Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – біздің бүгінгі күнгі басты мақсатымыз болып табылады. Ол үшін «Пирамида» сауда үйіндегі жабдықтарды жаңартып жатырмыз. Біздің өнімге деген сұраныстың артуына қарағанда қызметіміз халық көңілінен шығатын сияқты.

Фирма тамақ өнімдерін ғана дайындаумен шектелген жоқ. 2007 жылдан бастап поливинилхлорид өнімдерін шығаратын цех ашқан. Бұл бөлімде 10 адам қызмет етеді. Солардың бірі Роман Лакомкин кәсіпорынға былтыр жұмысқа тұрды. Ол – пластикалық терезелерді құрумен айналысады. Қызметкер бір жылдың ішінде ұжымға кірігіп, әбден үйреніп алды.

 Роман Лакомкин, “ВЭЛТА” ЖШС қызметкері:
– Басшылықпен де, ұжыммен де қарым-қатынасымыз жақсы. Еңбекақымызды уақытында береді. Біз пластикалық терезе жасаумен және пластикадан жасалатын өзге де заттарды құрастырамыз.

Компания алдағы уақытта өзге аудандарда да сауда нүктелерін ашуды көздеп отыр.

Айдана Демесінова